Алматы облысындағы «Берег» полигонында өткен «Мызғымас бауырластық-2024» оқу-жаттығуында жерлесіміз спорттық ойындарға қатысып, үздік шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған ақпаратпен Зайсан ауданының тумасы, гір көтеруден әлемдік жарыстарда атой салып жүрген Қуаныш Қыдырпатшаев өзінің жеке парақшасында бөлісті. Шара қыркүйек айының 29-нда басталып, қазанның 3-не дейін жалғасты. Бұған Қырғызстан, Беларусь, Тәжікстан және Ресейдің ҰҚШҰ бітімгершілік күштері қатысты. Оқу-жаттығу жиыны кезінде спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері командалық есепте бас жүлдені жеңіп алды.
- Нақтылап айтқанда, гір көтеруден 90 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен 37-ші десанттық шабуылдаушы бригадасының 3-ші арнайы мақсаттағы парашюттік-десанттық батальоны 9-шы ротасының жас сарбазы Ернұр Қайратұлы үздік шықты, - деп жазды спортшы.
Ернұр Қайратұлы Зайсан ауданына қарасты Үлкен Қаратал ауылының тумасы. Қазіргі уақытта Талдықорған қаласындағы 37-ші десанттық шабуылдаушы бригадасында мерзімді әскери қызметте әскери борышын өтеп жүр.
Фотосурет Қуаныш Қыдырпатшаевтың жеке парақшасынан
Пікірлер