30 қазан күні шаһарда «Мәдениеттегі Өзбекәлі тұлғасы» атты кітап оқу сайысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шара республикалық «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында қолға алынды. Сайысты облыстық Жастар ресурстық орталығы мен «Асық» әдеби-мәдени клубы бірлесіп өткізді. Ұйымдастырушылар сөзінше, сайыстың басты мақсаты – жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.
– Мемлекет басшысы мамыр айында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жарлыққа қол қойған болатын. Осы бастаманы қолдап, «Кітап оқитын ұлт» жобасын кеңінен насихаттау мақсатында сайыс ұйымдастырдық. Сонымен қатар жастарға Өзбекәлі Жәнібектің тұлғасын танытып, оның өнегелі өмірі мен еңбегін дәріптеуді көздедік. Байқауға өңірдегі колледждер мен жоғары оқу орындарынан 40 студент тіркелді, – деді Жастар ресурстық орталығының басшысы Айдос Әділбекұлы.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Атап айтқанда, қатысушылар алдымен «Белес» іріктеу кезеңінен өтіп, одан кейін «Көңілдегі көрікті ой» сұрақ-жауап кезеңінде білімдерін сынады. Үшінші кезеңде «Қаламгер майданы» аясында эссе жазса, соңғы «Аманат» кезеңінде берілген тақырып бойынша өз ойларын баяндады. Нәтижесінде 40 қатысушының 33-і іріктеуден өтіп, жеті студент финалға жолдама алды.
Сайыс қорытындысында үшінші орынды С. Аманжолов атындағы Жоғары колледж студенті Гүлім Аманбайқызы иеленді. Екінші орынға осы оқу орнының студенті Альас Маратбек лайық деп танылды. Ал бас жүлде С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 2-курс студенті Ақниет Ержақанға бұйырды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Айта кетейік, ұйымдастырушылар келесі жылдың ақпан айында Қасым тұлғасына арналған кезекті танымдық сайыс өткізуді жоспарлап отыр.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер