Өскемендегі «Emeralds» тұрғын үй кешенінде салынып жатқан пәтерлерге ақша құйған тұрғындардың басы бәлеге қалды. Құрылысқа жауапты фирма – «Royal Finance Group» ЖШС-да үй иелерінің алдын ала төлемін алуға арналған арнайы құжаттамасы мен «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі жоқ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл туралы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау иснпекциясының басшысы Самат Қайырдинов мәлім етті.
- Аталған құрылыс нысанын салу кезінде компания үлескерлерден бір тиын алмай, өз қаражатына салуы тиіс еді. Тұрғын үйге және құрылысқа үлескерлікпен қатысу туралы Заңға сәйкес құрылыс сатысында үлескерлер қаражатын алу үшін құрылыс компаниясында жергілікті атқарушы органның рұқсаты немесе Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі болуы қажет. Соған сәйкес, бүгінде, үлескерлер мен Royal Finance Group компаниясы арасында жасалған келісім шарттары заңсыз болып саналады, - деді ол.
Оның айтуынша, билік үлескерлердің мүдделерін қорғауға көмектесетін, сондай-ақ басталған құрылысты аяқтауға көмектесетін әдістерді іздеуде. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары аймақ тұрғындарына осындай алдын ала мәмілеге келмес бұрын құрылыс компаниясының барлық рұқсат құжаттамасын және құрылыс салушының деректерін алдын-ала тексеру қажет екенін ескертеді.
Жыл басталғалы аймақта тек үш компания ерте алдын ала келісімшарттар бойынша тұрғын үй сатуға құқылы екендігі анықталды.
- Құрылыс салушының үлескерлердің қаражатын алу туралы рұқсат құжаттамасының болуы туралы ақпаратты кез келген азамат homeportal.kz сайтынан біле алады. Тұрғынның алдын ала төлемін алу үшін құрылыспен айналысатындарда жергілікті атқарушы органның рұқсаты немесе Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі болуға тиіс. Қазір Өскемен аумағында 64 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Соның ішінде, 13-і мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен, қалғандары-коммерциялық, - деп түсіндірді ШҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасындағылар.
- Осындай күмәнді әрі заңсыз мәмілелерге қатысу үшін екінші деңгейдегі банктер ипотека өтінімдерін қалай мақұлдаған, келісімшарттарды қалай ресімдеген? - десті үлексерлер.
Пікірлер