Oskemen Hub алаңында жас әзірлеушілерді, студенттер мен мектеп оқушыларын IT-шешімдер әзірлеу үшін біріктірген Codemasters Hackathon 8.0 хакатонының финалдық кезеңі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қатысушылар техникалық білімдерін тәжірибеде қолданып, командаларда жұмыс істеп, өз әзірлемелерін сарапшыларға таныстырды. Хакатонның жалпы жүлде қоры 1 000 000 теңгені құрады.
Oskemen Hub Шығыс Қазақстан облысындағы IT-экожүйе мен цифрлық құзыреттерді дамытуға арналған өңірлік алаң ретінде жастарды, әзірлеушілерді, білім беру ұйымдары мен IT-қоғамдастық өкілдерін біріктіреді. Codemasters Hackathon 8.0 осы бағыттағы жұмыстың бір бөлігі болып, қатысушыларға өз дағдыларын практикалық міндеттерді цифрлық құралдар арқылы шешуде қолдануға мүмкіндік берді.
Хакатон барысында командалар деректерді талдауға, әртүрлі дереккөздерден алынған ақпаратты салыстыруға және қосымша назар аударуды қажет ететін белгілерді анықтауға бағытталған IT-шешімдердің прототиптерін әзірледі. Қатысушылардың алдында ақпаратты жүйелеуге және бастапқы талдау үдерісін ыңғайлы әрі тиімді етуге көмектесетін құрал жасау міндеті тұрды.
Мұндай кейспен жұмыс істеу қатысушылардан тек техникалық білімді ғана емес, сонымен қатар ақпаратты талдау, шешімнің жұмыс істеу логикасын құру және оны тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін ескеру қабілетін талап етті.
Хакатонды Oskemen Hub Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және ШҚО Цифрландыру және мұрағаттар басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Жобаларды қорғау және хакатон қорытындылары
21 қазанда хакатонның финалдық кезеңі аясында командалар өз жобаларын таныстырып, атқарылған жұмыстың нәтижелерін көрсетті. Қорытынды қорғау нәтижесінде үш жеңімпаз команда анықталды.
1 орын - amblackrust (Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Жоғары IT колледжінің студенті қатысатын команда). Жүлде - 500 000 теңге.
2 орын - KAFU (Қазақстан-Американдық еркін университетінің студенттер командасы). Жүлде - 300 000 теңге.
3-орын - ALEteam (Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім алушылар командасы). Жүлде - 200 000 теңге.
Жеңімпаздар өз жобалары мен командалық жұмысының нәтижелері үшін ақшалай сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар қатысушыларға Codemasters Hackathon 8.0 брендтік мерчі табысталды.
Болашақ IT-мамандарына арналған тәжірибе
Codemasters Hackathon 8.0 техникалық құзыреттерді дамытуға, командалық жұмысты жетілдіруге және практикалық міндеттерге арналған цифрлық шешімдерді іздеуге мүмкіндік беретін алаңға айналды. Қатысушылар қойылған міндетті талдаудан бастап прототип әзірлеу мен нәтижелерді таныстыруға дейінгі кезеңдерден өтті.
Мұндай формат мектеп оқушылары мен студенттерге аналитикалық ойлау қабілетін дамытуға, заманауи әзірлеу құралдарын меңгеруге және кәсіби ортадағы нақты міндеттерге жақын тапсырмалармен жұмыс істеу тәжірибесін алуға көмектеседі.
Осындай бастамаларды дамыту Шығыс Қазақстан облысының IT-экожүйесін нығайтып, жас мамандарға өздерінің технологиялық идеяларын жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Пікірлер