458.57 501.54 5.57
A+ A A-

Әлеуметтік маңызы бар 31 тауардың бағасы қалай бақыланады

Әлеуметтік маңызы бар 31 тауардың бағасы қалай бақыланады [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сауда нысандары тауар бағасына 15 пайыздан артық үстемеақы қоса алмайды. Бұл туралы AIMAQ подкастында Астана қалалық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашев айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, департаменттің негізгі міндеттерінің бірі — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің сақталуын бақылау. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 31 өнім түрі енгізілген. Олардың бағасына сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы керек. Бұл талап тауарды көтерме саудагерден сатып алған сәттен бастап бөлшек сауда сөресіне жеткізгенге дейінгі аралықта немесе өндірушіден тікелей дүкен сөресіне дейінгі сауда тізбегінде сақталуға тиіс.

Департамент мамандары талаптың орындалуын электрондық шот-фактуралар арқылы бақылайды. Сондай-ақ тұрғындардан түскен өтініштер негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі.

— Тұтынушы әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасына белгіленген мөлшерден артық үстеме қосылғанына күмәнданса, тиісті органға шағым түсіре алады. Алайда өтінішке құқық бұзуды растайтын дәлелдер қоса берілуі қажет, — деді ол.

Еркебұлан Тағашевтің түсіндіруінше, тұтынушы тауар сатылып тұрған сөренің бағасын фотоға түсіріп, сол дүкеннен өнім сатып алуы керек. Сонымен бірге сатып алғанын растайтын чек болуы міндетті. Чекте сауда нысанының бизнес-сәйкестендіру нөмірі көрсетілуі қажет.

— Бұл құжаттар тұтынушы мен сауда нысаны арасындағы сатып алу-сату қатынасын растауға мүмкіндік береді. Өтініш пен оған қоса берілген материалдар негізінде тексеру жүргізу мәселесі қаралады. Тексеру тіркелгеннен кейін мамандар сауда нысанына барып, тауар бағасына белгіленген мөлшерден артық үстеме қосылған-қосылмағанын анықтайды. Заң бұзу расталған жағдайда тиісті шаралар қабылданып, бағаны белгіленген талапқа сәйкестендіру жөнінде нұсқама беріледі, — деді департамент басшысы.

Ал Астана қалалық инестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі биыл 31 өнімге дейін кеңейтілгенін атап өтті. Бұған дейін тізімде 19 тауар болған. Жаңа тізімге ет өнімдері, соның ішінде қой, жылқы және сиыр еті енгізілген.

Оның айтуынша, бағаны бақылау тек тұрғындардың шағымдарын қараумен шектелмейді.

Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлерде арнайы комиссиялар құрылған. Астана қаласындағы комиссия құрамына Сауда департаменті, Салық департаменті, Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері және басқа да жауапты органдар кіреді.

— Қаладағы алты ауданның әрқайсысына жауапты өкілдер бекітілген. Олар күнделікті және апта сайын сауда орындарына мониторинг жүргізіп, нәтижесін комиссияға ұсынып отырады. Комиссия отырыстары аптасына екі рет өткізіледі. Онда анықталған жағдайлар қаралып, тиісті шаралар қабылданады, — деді ол.

Мақсат Жаңабаевтың сөзінше, бақылау жұмыстарының тағы бір бағыты — кәсіпкерлер арасында заң талаптарын түсіндіру. Әсіресе шағын дүкендердің кейбірі сауда үстемесіне қатысты талаптарды біле бермейді. Сондықтан мамандар алдымен заңнама нормаларын түсіндіріп, белгіленген 15 пайыздық шектің сақталуы қажеттігін ескертеді.

— Биыл заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, сауда үстемесінің шекті мөлшерін бұзу фактісі анықталған жағдайда бұрынғыдай ескерту жасалмайды. Бірден әкімшілік айыппұл салынады, — деді басқарма басшысының орынбасары.

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив