A+ A A-

talgatzhan 39 8-10-2024, 14:53 0

«Шығыс салбұрыны» фестиваліне аудармашылар тартылады – Ербол Нұрғалиев

ШҚО / Бүгін / Ұлан

Ауқымды шараға Қазақстан мен шет мемлекеттерден 5 мыңға жуық турист келіп, барлығы 80 бүркіт, 30 сұңқар және 30 тазы жарысқа түспек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шығыстың туристік брендіне айналған «Шығыс салбұрыны» бүркітшілер фестивалі 10-14 қазан күндері Ұлан ауданының Бозанбай ауылында орналасқан Бүркіт төбе алаңында өтеді. Биыл ауқымды шараға Қазақстаннан бөлек, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Венгрия елінің бүркітшілері шақырылған. – «Шығыс салбұрыны» фестивалі аймақтағы туризм саласын дамытуға және ұлттық мәдени мұраны әлемге танытуға зор үлес қосады. Шараның басты мақсаты – қазақтың атадан балаға мирас болған, қанында бар қазынаның бірі – құсбегілік өнерін жаһан жұртына таныту. Бүгінде бұл фестивальге қатысып, төрелік етуге ҚР туризм және спорт министрлігінің мемлекеттік жаттықтырушысы Базарбек Күнтуған, «Құсбегілік» республикалық федерациясы қоғамдық қорының вице-президенті Бағдатхан Мүптекекызы келісіп отыр. Сондай-ақ әлемге әйгілі бүркітші қыз, жерлесіміз Айшолпан Нұрғайып та осы шарада бой көтсететін болады, – деді ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев. Екі күндік сайыс бағдарламасында құстарды жемге салып, өзі еркі я иесінің шақыруымен ұшуы, шырға салып, қоян және түлкі аулау, сондай-ақ жамбы ату, теңге ілу, тазы жарысы мен асау үйрету сынды ұлттық спорт түрлері бар. Сондай-ақ Бүркіт төбеде 20-дан астам киіз үй тігіліп, қазақ халқының дәстүрлі көрмелері: сырмақ сыру, кесте тігу, ұлттық тағам дайындау бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылмақ. Фестивальге келген қонақтар мен туристер атқа мініп, садақ атып, бағалы сыйлықтар ойнатылатын лотореяға қатыса алады. – Дәстүрлі халықаралық бүркітшілер фестивалі 4 күнге созылады деп жоспарланған. Шара бағдарламасына тоқталсақ, 10-күні алыс-жақыннан келген спортшыларды қарсы алып, жайғастырып, арнайы комиссиядан өткен ойыншылар арасында жеребе тартылады. Ойын келесі күні, нақты айтсақ, 11-ші қазанда сағат 9:00-де басталады. Фестиваль өтетін жер қаладан алыс емес, 65 шақырымдық жер. Келемін деушілер үшін облыс және жергілікті әкімдік тарапынан, сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің қолдауымен арнайы көліктер қарастырылған. Негізгі сайыстар мен шешуші кезеңдер 11-12 қазан аралығында өтеді, – деді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Қуат Оқасов. Ұйымдастырушылар былтырғы олқылықтарды ескеріп, биылғы фестивальге қызу дайындық үстінде. Тек ауа-райы күрт құбылмаса, шара жоғары деңгейде өтеді деп сендірді. Тағы бір айта кетерлігі, Ербол Нұрғалиев жан-жақтан келген туристермен ақпарат алмасу үшін аудармашылар тартылатынын айтты.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив