Өңірдегі Кәсіпкерлер палатасының Туризм кеңесінде бірқатар туроператорлары қыс кезінде тынығушыларды ойынан айнытып тастайтын жайттарды тізбелеп берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Олар қазірден бастап демалыс базаларына апарар жол нашар екенін, мұның бәрі туризмге кері әсер ететінін айтты.
– Былтыр Бұқтырма су қоймасына апаратын жол қыста мүлде тазаланбады. Салдарынан кәсіпкерлердің жұмысы жүрмеді, – деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.
«Вояж-Алтайский» ЖШС директоры Ирина Клиновицкая күрелмей жатқан қарды тазалау үшін өз ақшасы есебінен техника жалдағанын сөз етті. Бұл жерде туристер жағдайы ғана емес, жұмысшыларға да жан-жақты мүмкіндік қаралуы керектігін алға тартты. Кәсіпкерлер қойған сұрақ сол: Туроператорлар биыл Катонқарағай, Зайсан аудандары және Бұқтырма су қоймасы бағытында жұмыс істей ала ма?
Алтай ауданы әкімінің орынбасары Сергей Охременко осы жылы жолдарды қысқы күтіп ұстау үшін бөлінген қаржы былтырмен салыстырғанда екі есеге көбейгенін айтты. Оның сөзінше, Селезневка – Көгілдір бұғаз, Жаңа Бұқтырма кенті мен «Черемушки» демалыс базасы, «Березка, Шале Бале – Простор, Лаванда» жолдарын қардан аршу қарастырылған, – деді әкімнің орынбасары.
Одан бөлек, Цемент зауыты меншігіндегі «Мохнатка» демалыс базасы маңындағы жол да қамтылады. Айта кетер жайт, бұл алдағы уақытта Алтай ауданының балансына өткізілуі мүмкін.
Сергей Охременко туристік нысан қожайындарына жыл бойы жұмыс істеп тұратын нысандар тізімін дайындап қоюды сұрады. Соған сәйкес тазалап, күтіп ұстау бағытын бекітетін көрінеді.
Зайсан мен Катонқарағай аудандары әкімдері өздерінің туристік нысандары республикалық маңызы бар трассалардың бойында орналасқанын, сол себепті қардан уақтылы тазарып тұратынын жеткізді. Биылға жолдарды күтіп ұстауға келісімшарт жасалып қойыпты.
Ирина Клиновицкая аудан әкімдеріне туристер тартуға бағытталған қандай да бір шара қолға алынса, бірден ақпараттандырып отыруды өтінді.
Пікірлер