Шығыс Қазақстан облысы делегациясы Қытайдың цифрландыру және озық технологиялар саласындағы тәжірибесімен танысуды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Білім мен бизнес байланысы
Іссапар бағдарламасы аясында өңір өкілдері Карамай қаласындағы Бұлтты есептеулер индустриялық паркін және Болашақ индустриялар ғылыми-техникалық паркін аралап, Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданындағы IT-индустрия мен жасанды интеллекттің даму бағыттарымен танысты.
Сапар барысында делегаттар Техника биржасы орталығында және көрме залында болып, қытайлық мамандардың соңғы әзірлемелері мен технологиялық шешімдерін көрді. Делегация мүшелері жобалардың ауқымдылығын, ұйымдастыру деңгейінің жоғарылығын және ғылым, білім мен бизнестің тығыз байланысын атап өтті.
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Айбек Акаевтың сөзінше, Карамайдағы Бұлтты есептеулер индустриялық паркін аралау барысында орталықтың ауқымы мен технологиялық әлеуетіне тәнті болды.
– Заманауи деректер орталықтары, қуатты бұлтты шешімдер мен IT және жасанды интеллект саласындағы бірегей зерттеу жобалары болашақтың атмосферасын қалыптастырады. Парк стартаптарды белсенді қолдап, бизнес пен білім беру саласына арналған бұлтты сервистерді дамытып, цифрлық инфрақұрылымды өзгертетін инновацияларды енгізуде. Карамай – технологиялық өзгерістердің орталығы, оның Қытайдың IT саласына ықпалы бұдан әрі де арта түсетіні сөзсіз, – деді ол.
Делегация сондай-ақ Болашақ индустриялар ғылыми-техникалық паркін аралап, мұнда жасанды интеллект, робототехника және биотехнология салаларында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Бұл – стартаптар мен жаңа технологиялық шешімдер дамып, инновациялық идеялар туындайтын үлкен орталық.
Есептеу орталығының ерекшелігі
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жасанды интеллект пен IT-технологияларды дамытуға ерекше назар аударып, оларды ел болашағын айқындайтын негізгі бағыттар ретінде атап өткен болатын. Делегацияның Карамай қаласына сапары – Президент қойған міндеттерді іске асыру жолындағы нақты қадам болды.
КГКП «Өскемен жоғары политехникалық колледжі» құзыреттер орталығының жетекшісі Максим Мамаевтың айтуынша, мұндағы жұмыс істеп тұрған бұлтты платформалар құрылымы ерекше.
– Заманауи деректер орталықтарында орналасқан жобалардың қызметі көрсетілді. Сондай-ақ жасанды интеллект пен жоғары өнімді жүйелерді қолдауға бағытталған жаңа гипермасштабты бұлтты есептеу орталықтарының жобалары таныстырылды, – деді ол.
Көрші елдің озық тәжірибесін зерделей отырып, делегация үздік технологияларды меңгеруге, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанның цифрлық дамуына серпін беретін инновациялық шешімдерді енгізуге мүмкіндік алуда.
Пікірлер