Жалпы ел көлемін алсақ, алкоголь өнімдерінің бірнеше түріне сұраныс төмендеді. Әсіресе коньяк сатылымы күрт азайған. Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, осы жылдың қаңтар-тамыз айларында коньяк өнімдерінің сатылымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,9 пайызға, сыра 5 пайызға төмендеген. Ал арақ саудасы керісінше 4,5 пайызға өскен. Шығыс Қазақстанда былтырғыдай емес, ішетіндер санының кемуі байқалады. Бұл туралы Energyprom сайты шағын шолу жүргізіпті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Статистика сөйлейді
Мұндай өзгерістер тұтынушылардың бағасы салыстырмалы түрде қолжетімді алкоголь өнімдеріне ауыса бастағанын көрсетуі мүмкін. Ішімдікке кететін шығын себебі көп жағдаймен байланысты. Той-томалақ, әлдебір науқан, мейрам және тағысын тағы. Дәл осы статистикаға тереңірек тоқталмас бұрын, Шығыс Қазақстандағы жағдайға қысқаша тоқталайық. Өкінішке қарай, өңірде осы бойынша бір жылдары «рекордтар» қойылған болатын. Ең біріншісі 2023 жылы осы Energyprom сайтында жарияланған болатын. Айталық, 2023 жылы бір адам айына орта есеппен 3400 теңгесін жұмсаған екен. Содан кейінгі орындарға Павлодар мен Солтүстік Қазақстан өңірлері жайғасқан.
Арада бір жыл өткенде көрсеткіш тағы өсті. Айталық, ел көлемінде тұрғындар жылына орташа алғанда 7,4 мың теңге жұмсаса, шығысқазақстандықтар 16,2 мың теңгесін құртқан. Ал биыл ішімдікке кететін шығынның анағұрлым азайғанын байқаймыз. Соңғы бірнеше жылдағы көрсеткіштерге назар аударсақ, алкоголь сатылымының төмендеуі 2022 жылдан кейін басталған. Украина жеріндегі соғыс жағдайлары себеп болды депті сарапшылар. Сол жылы Қазақстанға Ресей азаматтарының көші-қоны күшейіп, елдегі алкоголь тұтыну көлемі де айтарлықтай артқан болатын.
Атап айтқанда, 2022 жылы арақ тұтыну 1,9 есе, ал коньяк тұтыну 1,5 есе өскен. Одан кейінгі жылдары нарық біртіндеп қысқара бастаған. Дегенмен өткен жылдың қорытындысында көрсеткіштер 2021 жылғы ең төменгі деңгейге оралмаған.
Шараптан шектелетіндер көбейді
Ішкі нарықтағы сұраныстың төмендеуі отандық өндіріс пен импорт көлеміне де әсер еткен. Әсіресе коньяк өнімдерін өндіру көрсеткіші айтарлықтай азайған. Биыл қаңтар-тамыз айларында ел аумағында коньяк өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,9 пайызға төмендеп, 8,9 миллион литрден 5,2 миллион литрге дейін қысқарған. Импорт көлемі де 41,5 пайызға азайды. Соған қарамастан, отандық өндірушілер ішкі нарықтағы жетекші орнын сақтап отыр. Қазақстандық кәсіпорындардың коньяк өнімдері бойынша нарықтағы үлесі 78,5 пайызды құраған.
Шарап өндірісінде де төмендеу бар. Есепті кезеңде отандық шарап өндірісі 17,2 пайызға қысқарса, импорт көлемі небәрі 2,2 пайызға азайған. Соның нәтижесінде шетелдік өнімдердің ішкі нарықтағы үлесі 35,2 пайыздан 39 пайызға дейін өсті.
Ал сыра өндірісі 6 пайызға төмендеп, 445 миллион литрді құраған. Қазақстанда осы кезеңде сыраның ішкі сатылымы 482,3 миллион литрге жеткен. Сұраныстың бір бөлігі импорт есебінен өтелген. Шетелдік сыраның нарықтағы үлесі 10 пайыздан 10,4 пайызға дейін артқан. Сонымен қатар қазақстандық сыра экспорты да 22,6 пайызға төмендеген.
Аймақтардағы баға айырмашылығы
Статистикалық мәліметтер қала мен ауыл тұрғындарының алкоголь сатып алуға жұмсайтын шығынында да айырмашылық бар екенін көрсетеді.Осы жылдың бірінші жартыжылдығында қала тұрғындары алкоголь өнімдерін сатып алуға жұмсайтын шығындарын 7,2 пайызға қысқартқан. Екі тоқсаң қорытындысында бір отбасының орташа шығыны 10,6 мың теңгені құраған. Ал ауылдарда керісінше өсім байқалады. Мұнда алкоголь сатып алуға жұмсалатын қаражат 3 пайызға артып, бір отбасыға шаққанда 8,1 мың теңгеге жетті.
Өңірлер арасында да айтарлықтай айырмашылық бар. 2026 жылдың алғашқы екі тоқсанында алкогольге ең көп қаражат жұмсағандар:
Қарағанды облысы – 18,1 мың теңге;
Алматы қаласы – 17,2 мың теңге;
Павлодар облысы – 16 мың теңге;
Қостанай облысы – 15,7 мың теңге;
Солтүстік Қазақстан – 13,2 мың теңге;
Шығыс Қазақстан – 9,6 мың теңге.
Ал ең төменгі көрсеткіш Маңғыстау облысында тіркелген. Мұнда бір үй шаруашылығының алкогольге жұмсаған шығыны 1,1 мың теңге болған. Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 2,3 мың теңге, Түркістан облысында 4,8 мың теңгені құраған. Елорда тұрғындарының шығыны 7,8 мың теңге болған. Бұл Алматы қаласындағы көрсеткіштен екі еседен астам төмен. Алкоголь сатылымының төмендеуіне бағаның өсуі де әсер еткені сөзсіз. Мәлім болғандай, қыркүйек айында ел аумағында алкоголь өнімдері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,8 пайызға қымбаттаған. Жаз айларында жылдық қымбаттау 16,2 пайызға дейін жеткен.
Осылайша, Қазақстанның алкоголь нарығында сатылым көлемінің төмендеуімен қатар, өндіріс пен импорт құрылымында да өзгерістер байқалады. Әсіресе коньяк нарығындағы құлдырау айқын көрініп отыр. Ал арақ сатылымының өсуі тұтынушылар сұранысының басқа өнімдерге қарай ауысып жатқанын аңғартады.
Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз
[xfgiven_foto]
Пікірлер