444.76 495.37 5.37
A+ A A-

ШҚО-да жыл басталғалы малдың қатысуымен 30-дан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді

ШҚО-да жыл басталғалы малдың қатысуымен 30-дан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Ауылдарда жылқының немесе ірі қараның тасжол бойында жүруі үйреншікті жағдайға айналған. Алайда жүргізуші үшін жол үстінде үйірге тап болу жай қорқынышпен аяқталмай, ауыр жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда көлікті қымбатқа жөндеуге тура келеді. Оны былай қойғанда, соңы ажалмен аяқталған жайттар жоқ емес. Ал келеңсіз жайтонымен қатар мал иесін табу үшін ұзақ уақыт іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Кей жағдайларда осындай жол-көлік оқиғалары қайғылы жағдаймен аяқталады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шығын төңірегіндегі шатақ

Тамыз айының соңында «Өскемен – Риддер» тасжолында, Опытное поле ауылы маңында жеңіл автокөлік жылқымен соқтығысты. Оқиға салдарынан көлікке айтарлықтай зақым келген. Келтірілген шығын көлемі шамамен 1 миллион 400 мың теңгені құраған.

Жәбірленушілердің бірі Регина Тарасованың айтуынша, мал иесін анықтау оңайға соқпады.

– Малдың ешқайсысында таңба да, чип те болмады. Сондықтан олардың кімге тиесілі екенін анықтау мүмкін болмады. Енді барлық шығынды өзіміз өтеуге мәжбүрміз. Полиция қызметкері мал иесін әлі іздестіріп жатқандарын айтады. Алайда әзірге нәтиже жоқ. Егер осы оқиғадан біз ажал құшсақ, не болар еді? – деді ол.

Жәбірленушілердің болжамынша, жылқылар жол-көлік оқиғасы болған жерден шамамен 500 метр қашықтықта орналасқан фермаға тиесілі болуы мүмкін. Олардың айтуынша, фермада чип салынбаған мал бар. Сонымен қатар, оқиғадан кейін олар фермадағы жылқы үйірінің толық болмағанына назар аударған. Аталған жердің иесі жылқы нақты санын айтқанымен, шын мәнінде олардың саны бұдан аз болған.

Өлген малдың қай шаруашылыққа тиесілі екенін анықтау үшін тәртіп сақшылары сараптамаға қажетті үлгілер алуды жоспарлаған. Кейін оларды құқықбұзушылыққа қатысы болуы мүмкін шаруашылықтан алынған сынамалармен салыстыру көзделген. Алайда барлық жануардан үлгі алу мүмкін болмады..

– Шаруа қожалығының иесі бібен сыпайы сөйлесе қойған жоқ. Тіпті агрессия танытты, ал бір биеден «ол бордақылауда тұр» деген сылтаумен мүлдем сынама алуға жолатпады. Сондай-ақ біз өз көлігімізден де үлгілерді өзіміз алдық, бірақ шыны түтік (зертханада қолданылады) бізде ұзақ уақыттан бері жатыр. Ешкім алып кетпеді. Сараптама нәтижелері мен мерзімдері туралы да бізге ешнәрсе белгісіз, – деді Регина Тарасова.

Оның айтуынша, «Кім жауап береді?» деген сұрақ әлі күнге дейін түсініксіз күйінде қалып отыр. Зардап шеккендер Опытное поле ауылдық округінің әкімдігі мен полиция жауапкершілікті бір-біріне итеріп отыр деп есептейді. Әйелдің сөзінше, 2-қыркүйектен бері осы іспен айналысып жүрген полиция қызметкері қоңырауларға жауап бермейді, ал арызданып барғанда учаскелік пункт жабық болған көрінеді. Дегенмен полиция өкілдері мал иесін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Глубокое аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Ержан Тасжановтың айтуынша, материал ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабының 2-бөлігі бойынша тіркелген. 

– Мал иесін іздеп жатырмыз. Бірақ барлық жақын маңдағы шаруа қожалығы мен жеке қосалқы шаруашылықтар бұл жануарларға қатысымыз жоқ деп отыр. Бұл жылқылардың басқа ауылдық округтерден – мысалы, Белоусовка, Бобровка, Карабахтан немесе Өскемен маңынан болуы мүмкін екенін де жоққа шығармаймыз. Бірақ, қайталап айтамын, біз іздеп жатырмыз, – деп жауап берді учаскелік инспектор.

Ержан Тасжанов сараптама жүргізу әкімдік құзыретіне кіретінін, үлгілердің соларға берілгенін атап өтті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу және чиптеу мәселесі де жергілікті атқарушы органдардың қарауында екен. Әкімдік те өз тергеуін жүргізіп жатыр. 

Осылайша, отбасы бірден екі мәселемен бетпе-бет келді: көлікке келтірілген шығын және нақты шығынды өндіріп алу туралы талап қоюға болатын жануардың иесін анықтау. Жағдай тексерулер мен сараптамалар аяқталған соң ғана айқындалуы мүмкін.

 

Катонқарағайда көп тіркеледі

Өткен жылы Өскемен тұрғынының көлігі кеш бата Ұлан ауданына қарасты Донское ауылы маңында жылқы үйірімен соқтығысқан. Жүргізуші мен жолаушылар қатты зардап шеккен жоқ. Тек жеңіл сырылған жарақаттармен құтылды. 

Бұл жағдайда жылқылардың иесін келесі күні-ақ анықтау мүмкін болды. Көлікке келген шығын шамамен төрт миллион теңгені құрады. Кейін жылқы иесі бұл соманы бөлшектеп төлеу арқылы толығымен өтеді.

Тағы бір оқиға осы Ұлан ауданындағы Тайынты ауылы маңында болды. Бұл да кешқұрым уақытта автомобильдің тасжолға шығып кеткен жылқымен соқтығысуынан тіркелген. Адамдар зардап шеккен жоқ. Алайда мал өлді. Жылқыда таңбасы болғандықтан, иесін анықтау аса қиынға соқпады. Ол жүргізушінің көлікті жөндеу шығындарын толық өтеп берді. 

Мұндай жағдайларға тап болғандардың айтуынша, фермерлердің кейбірі өздеріне тиесілі малдың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан соң залалды төлеу қажеттілігімен бірнеше рет бетпе-бет келген. Алайда әр жағдайда апаттың мән-жайы әр түрлі болуы мүмкін.

Мұндай мысалдар осындай жағдайларда малда ен-таңбаның болуы олардың иесін тез табуға мүмкіндік беретінін көрсетеді. Егер иесі табылса, залалды өтеу туралы мәселе де тез шешіледі. Ал егер жануарды анықтау мүмкін болмаса, зардап шеккен жүргізуші оқиғаның мән-жайын бөлек дәлелдеп, салдар үшін кім жауап беру керектігін өзі іздеуге мәжбүр болады. 

Облыстық Полиция департаменті мәліметінше, жыл басталғалы өңірде ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен 30-дан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл апаттарда адамдар зардап шеккен жоқ. Бірақ көлік құралдарына келген шығын кей жағдайларда миллиондаған теңгемен есептеледі. 

Полиция ірі қара болсын, жылқы болсын, бақылаусыз жайғаны үшін иелерін жүйелі түрде жауапкершілікке тартылатынын айтып отыр. Ал қараусыз қалған мал арнайы тұрақтарға жеткізілетін көрінеді.. Қаңтар айынан бастап онда бес мыңнан астам бас мал қамалды. Облыста 97 арнайы тұрақ жұмыс істейді. Айта кету керек, мұңдай жағдайлар Катонқарағай және Ұлан аудандарында көп тіркеледі.

Дегенмен бұл айыппұлдар мен малды уақытша қамау мәселені толығымен шешпейді. Ауылдарда жайылымдар көбінде автомобиль жолының бір жағында, ал елдімекендер, қоры-қопсы немесе басқа да жаю учаскесі екінші жағында орналасқан. Сондықтан жануарлар трассаны кесіп өтуге мәжбүр болады. Кейбір жағдайда қоршаулар немесе үйірді бақылау болмаса, олар жолдың жүру бөлігіне өз бетінше шығып кетеді. 

Осы оқиғаларға байланысты республикалық трассаларда арнайы торлы қоршаулар орнатылады. «ҚазАвтоЖол» ШҚО филиалы өкілдері «Қалбатау – Майқапшағай» трассасында қоршаулар 115 шақырым қашықтықта, ал «Алматы – Өскемен» бағытындағы жолда – 17 шақырымға орнатылған. Тағы алты шақырымы «Өскемен – Семей» трассасына тиесілі. Осылайша, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 138 километрі қазірдің өзінде тормен қоршалған. Алайда қоршау да бұл мәселені толық шеше алмайды. Малды жайылымға және кері қарай айдап өткізу қажет. Сондықтан ауыл тұрғындары мұндай жерлерде қосымша жол белгілерін орнатып, жылдамдықты шектеуді, ал қорғаныш құрылыстарын республикалық жолдарда ғана емес, облыстық жолдарда да қолдануды ұсынады. Бұл ретте басты сұрақтар бұрынғыдай қалады: егер жануар жолға шығып кетсе, автокөлікті жөндеу ақысын кім төлеуі тиіс? Егер малдың иесін анықтау мүмкін болмаса, жағдай өзгере ме?


Заңгер не дейді?

Қыркүйек айында Маңғыстау облысында «Ақтау – Бейнеу» трассасында «Toyota Camry» жүргізушісі түйені қағып қаққан болатын. Апат салдарынан төрт адам ажал құшып, тағы төртеуі әр түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. 

Осы жағдайда трассада үйірдің кенеттен пайда болуы ауыр апатқа, жарақаттар мен адам өліміне әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан жануарлар иелерінің жауапкершілігі, оларды тиісті түрде сәйкестендіру (идентификациялау), жаюды бақылау және жолдар арқылы қауіпсіз айдап өту осындай жол-көлік оқиғасының алдын алудың маңызды бөлігі болып қала береді.

Заңгер Алексей Божков маңызды бір мәселеге назар аударады: жол қозғалысы ережелерінде көлік құралын басқаратын адам ғана емес, малшы да жүргізушіге теңестіріледі. Яғни, жол бойымен жануарларды айдап келе жатқан адам да жол қозғалысына қатысушы болады. Егер жолда автомобиль зақымданса немесе мал өлсе, мұның себебі неде және келтірілген зиянды кім өтеуі тиіс деген сұрақтар туындайды. 

Заңгер сөзінше, бұл мәселені шешуді қиындататын тағы бір жайт бар. Мал иелері мен оларды айдап жүрген адамдардың жауапкершілігі автокөлік жүргізушілеріндегідей міндетті сақтандыруға жатпайды. Сондықтан жүргізуші жол-көлік оқиғасына кінәлі емес екенін дәлелдеген күннің өзінде, келтірілген шығынды өтеу мәселесі күрделі болуы мүмкін. Жауапкершілікті анықтау үшін апаттың барлық мән-жайы мен тараптардың әрекеттері, тіркелген жол-көлік оқиғасы арасындағы байланысты анықтау қажет. Заңгердің мұндай жағдайларда жүргізушінің кінәсі жол-көлік оқиғасының нақты мән-жайына қарай анықталатынын айтты.

– Егер жүргізуші жылдамдықты асырмай, жол қозғалысы ережелерін сақтап келе жатса, алайда көру мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, жылқы кенеттен атып шығып, көлік астына түссе, бұл бір жағдай. Ал жүргізуші жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, соның салдарынан апатқа себеп болса, жауапкершілік мәселесі мүлде басқаша қаралады, – деп түсіндірді Божко.

Мал иесін анықтау мүмкін болмаса, мәселе одан әрі күрделене түседі.

– Егер жануардың иесі табылмаса және оқиға сақтандыру жағдайына жатпаса, жүргізуші полицияға жүгініп, ірі қара немесе жылқы иесін анықтауға тырысуы қажет, – дейді заңгер.

Сонымен қатар мұндай жағдайда көліктің сақтандыру құжатының болуы да маңызды. Алайда сақтандыру төлемін алу мүмкіндігі келісімшарт талаптарына байланысты. Осылайша, көліктің малмен соқтығысуы кезінде кімнің кінәлі екенін біржақты айту мүмкін емес. Әрбір жағдай жеке қарастырылып, жүргізушінің әрекеті мен жол-көлік оқиғасына әкелген себептер ескеріледі. Дегенмен бір нәрсе анық: жол бойында жануарларды қараусыз қалдыру тек малдың өзіне ғана емес, жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне де қауіп төндіреді.

 

Баян ӨТЕПҚАЛИ

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив