Толығымен жаңартылған медициналық нысан 2025 жылы мемлекет бюджетіне қайтарылған активтер есебінен салынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аурухана құрамында хирургия, травматология, босану, неврология және операциялық бөлімшелер жұмыс істейді. Бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ардагүл Байспаеваның айтуынша, бүгінде мұнда тәжірибелі мамандармен қатар жас дәрігерлер де еңбек етуде.
– Ең алдымен, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына үлкен алғысымызды білдіреміз. Стационар тәулік бойы жұмыс істейді, науқастарды үздіксіз қабылдаймыз. Емхана 500 адамға, ал стационар 200 адамға арналған. Осындай заманауи мекемеде қызмет етіп жатқанымызға қуаныштымыз. Қазір ұжымымыз жас мамандармен толығып, кәсіби деңгейіміз артып келеді, – деді ол.
Ауруханада 45 жыл еңбек өтілі бар ардагер дәрігер де қызмет етуде.
– Хирургия мамандығын тәмамдап, Риддерге жұмысқа келгеніме биыл 45 жыл болды. Қазір зейнеткермін. Осындай заманауи аурухананың ашылғанына қуанып отырмыз. Медициналық жабдықтардың барлығы жаңартылған. Атап айтқанда, операциялық бөлімде эндоскопиялық құрылғылар, Karl Storz аппараты және заманауи наркоз аппараты орнатылды, – деді хирург Қырықбай Құсайынович.
Бүгінде хирургия бөлімінде 13 палата мен 28 төсек-орын бар. Сонымен қатар неврология бөлімінде жас мамандар нәтижелі еңбек етіп келеді.
– Операциялық бөлім халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа технологиялармен қамтамасыз етілгенін сеніммен айта аламыз. Соның ішінде ерекше атап өтерлігі – жоғары технологиялық Mindray A9 анестезиологиялық станциясы. Бұл құрылғы пациенттердің өмірлік маңызды көрсеткіштерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар анестезияны дәл енгізіп, күрделі операцияларды жоғары деңгейде жүргізуге жағдай жасайды. Жаңа жабдықтардың арқасында науқастардың қауіпсіздігі артып, медицина қызметкерлерінің жұмыс істеу мүмкіндігі айтарлықтай жақсарды, – деді анестезиолог-реаниматолог Шаяхмет Қайнолданов
Маманның сөзінше, операциялық блоктағы барлық құрылғының жаңа, сенімді әрі цифрлық форматта болуы дәрігерлерге науқастарға сапалы әрі қауіпсіз көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
– Біз медициналық инфрақұрылымды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және өңір тұрғындарының облыстан тыс жерге шықпай-ақ сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеміз. Басты мақсат – пациенттердің денсаулығы мен қауіпсіздігі. Бүгінде операциялық блок осы талаптардың барлығына толық сәйкес келеді, – деді Шаяхмет Қайнолданов.
Айта кетейік, ауруханада 80-ге жуық медицина қызметкері еңбек етеді.
Пікірлер