Елімізде сот ісін жүргізудің барлық түрі бойынша сот процестері стандартталып, біріздендірілді. Бұл туралы елордада «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық форумда ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, 2024 жылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік актілердің бірізділігі қағидаты бекітілді. Бұл мемлекеттік органдарды ұқсас жағдайларда бірдей шешім қабылдауға міндеттейді.
Ал 2025 жылдан бастап экстерриториялық соттылық енгізіліп, сот тәуелсіздігінің кепілдіктері күшейді әрі сыртқы факторлардың ықпалына жол берілмеді.
– Қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізуден айырмашылығы, әкімшілік істерді Жоғарғы Сотта қайта қарау «жаппай кассация» қағидаты бойынша жүзеге асырылды. Бұл жария-құқықтық даулардың барлық санаты бойынша бірізді құқық қолдану тәжірибесін қалыптастыру үшін қажет болды. Сот ісін жүргізуді біріздендіру аясында «жаппай кассация» моделі жаңадан құрылған дербес кассациялық соттардың қызметіне де енгізілді, – деді А.Мерғалиев Тәуелсіздік сарайында.
Сонымен бірге, әкімшілік істер бойынша сот актілерінің апелляциялық тәртіпте қаралғаннан кейін заңды күшіне енуін көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданды.
Сондай-ақ Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстегі тәжірибе негізінде қылмыстық және азаматтық істерді кассациялық сатыда қараудың ойға қонымды мерзімі белгіленді. Бұл мерзім алты айдан аспауға тиіс.
– Біз бүгін сеніммен айта аламыз: әкімшілік әділет жүйесі толық қалыптасты. Жаңартылған Конституцияда өз орнын тапқан бұл институт «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырудың, құқықтық тұрақтылықты нығайтудың және еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырудың маңызды тетігіне айналды, – деді ҚР Жоғарғы сотының төрағасы.
Ендігі жаңа міндеттер қатарында әкімшілік әділет аясын одан әрі кеңейту, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру, әкімшілік актілерді жарамсыз деп тану механизмін, оларды мәжбүрлеп орындау жүйесін енгізу тұр. Жоғарғы Сот бұл жұмысты Үкіметпен, Парламентпен, Инвестициялық штабпен және заң қоғамдастығымен бірлесіп жалғастыруда.
– Кеше Жоғарғы Сотта Әкімшілік құқық жөніндегі Еуразиялық конгрес құру туралы Астана декларациясына салтанатты түрде қол қойылды. Бұл платформа тұрақты негізде судьяларды, сарапшыларды, заңгерлер мен ғалымдарды біріктіреді. Ақпарат және озық тәжірибелермен алмасу ынтымақтастықты күшейтіп, елдердің құқықтық жүйелерін жақындастырып, заң үстемдігін нығайтуға үлес қосады, – деді Асламбек Мерғалиев.
Пікірлер