Елімізде балмұздақ құны өсті. Тіпті ең төмен және ең жоғары баға арасындағы айырмашылық мың теңгеден асады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Жаздың аптап ыстығында балмұздаққа сұраныс артады. Сұранысқа сай бағасы да өзгеріп тұр. Біз ең танымал екі түрін, яғни, вафли стақандағы пломбир мен эскимоның бағасын салыстырып, қай қалада арзан, қай өңірде қымбат екенін білдік.
Пломбирдің бағасы – 135-950 теңге аралығында
Пломбирдің ең арзаны Павлодар қаласында сатылады. Мұнда балмұздақ құны 135 теңгеден басталады. Ең төмен баға ұсынған қалалардың қатарына Талдықорған (150 теңге), Шымкент (175 теңге) және Атырау (200 теңге) да енді.
Орал, Ақтөбе, Петропавл, Қостанай, Қарағанды, Астана, Алматы, Өскемен, Семей, Тараз, Жезқазған және Түркістан қалаларында баға орташа. Бұл өңірлерде пломбирдің ең төменгі бағасы – 215-320 теңге аралығында.
Қызылорда, Көкшетау, Ақтау және Қонаев қалаларында баға жоғары. Мәселен, Қонаевта вафли стақандағы пломбир 390-890 теңге аралығында сатылса, Ақтауда оның бағасы – 380-750 теңге шамасында.
Ал ең қымбат балмұздақ Шымкентке сатылады. Мұнда пломбирдің бағасы кей жерлерде 950 теңгеге дейін жетті.
Эскимо: баға айырмашылығы 1 590 теңгеге жетті
Эскимо балмұздағының баға айырмашылығы тіпті жоғары. Бұл тәтті десерттің ең арзан түрі Талдықорғанда сатылады. Құны 210 теңгеден басталады. Соның ішінде Ақтау, Қостанай, Тараз, Шымкент, Қызылорда және Атырау қалаларында баға төмен.
Орал, Павлодар, Петропавл, Көкшетау, Қарағанды, Семей, Түркістан, Ақтөбе, Алматы және Астанада баға орташа. Бұл қалаларда эскимо бағасы 440-700 теңгеден басталады.
Баға Жезқазған, Өскемен және Қонаев қалаларында жоғары. Қонаевта кейбір эскимоның бағасы 1 800 теңгеге дейін жетті. Баға Астана қаласында да дәл осылай жоғары.
Жалпы ел бойынша эскимо бағасының 210 теңгеден басталып, 1 800 теңгеге дейін жетеді. Яғни айырмашылық 1 500 теңгеден асады.
Сапалы балмұздақты қалай таңдауға болады?
Эпидемиолог дәрігерлер балмұздақты мұқият таңдауға кеңес береді.
Таңдау талаптары:
– қаптамасы бүтін болуы шарт;
– дайындалған күні мен жарамдылық мерзімін тексеру;
– құрамын мұқият оқу, сүт, кілегей және сары май қосылған өнімдерді таңдау;
– қайта мұздатылған белгісі бар балмұздақты сатып алуға болмайды;
– сақтау талаптарына мән беру керек және мұздатқыштағы температура минус 18 градустан жоғары болмауы тиіс.
Сарапшылардың айтуынша, қаптаманың бүлінуі, мұз кристалдарының болуы немесе өнім пішінінің өзгеруі сақтау талаптарының бұзылғанын білдіруі мүмкін. Мұндай балмұздақты сатып алмаған жөн.
Баға айырмашылығына қарамастан балмұздақ қазақстандықтардың ең сүйікті тәттісі болып қала бермек. Ал мамандар десерт таңдағанда тек бағасына ғана емес, өнім сапасына да мән беруге кеңес береді.
Пікірлер