A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 14:35 0

Атамекенге оралған ағаш шебері

Бүгін / Күршім / Сұхбат

Күршім ауданының тұрғыны Аманбек Дамысбекұлы осыдан үш жыл бұрын тарихи Отанына оралып, Қазақстан азаматтығын алып, қандас мәртебесіне ие болды. Атажұртқа табан тірегеннен кейін ол өз кәсібін бастап, бала күннен бойына сіңген ағаш өңдеу өнерін табыс көзіне айналдырды. Бүгінде ол «Сайр» ағаш шеберханасын басқарып отыр. Мұнда ұлттық нақыштағы тұрмыстық бұйымдармен қатар, балаларға арналған ағаш ойыншықтар, түрлі кәдесый мен жиһаз дайындайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Туып-өскен жеріңізге тоқталып, атажұртқа қай жылы келгеніңізді айтып кетсеңіз...

– Мен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келдім. 2010 жылы сол жақтағы Мамандық беру орталғында «Ағаш шеберлігі» мамандығы бойынша оқуды тәмамдадым. Ал Қазақстанға 2023 жылы көшіп келдім. Атамекенге қоныс аудару – қай қазақтың да ойында бар дүние. Бір жағынан, өз жеріміз ғой, тез үйренісіп кеттік. Осындағы жұрт та құшақ жая қарсы алды.

 

– Ағаш шеберханасын ашу идеясы қалай келді? Бұл шешімге не түрткі болды?

– Күршім ауданына қоныс аударып келген соң осы саланы ары қарай жалғастыруды шештім. Өз ісімді дамытып, халыққа пайдалы өнім ұсынғым келді. Азаматтық алған соң жергілікті әкімдікке құжаттарымды өткіздім. Олар да көп көмектесті. Осылайша, 1 жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша 1,5 млн теңге грант ұтып алдым. Сол қаржыға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым.

 

– Неліктен дәл осы кәсіп түрін таңдадыңыз?

– Бұл сала маған әуелден қызықты болды. Ағаштардан бұйым жасау ісінің болашағы зор деп есептеймін. Сонымен қатар тәжірибем мен қабілетім осы бағытқа сай келді.

– Бастапқыда қандай қиындықтар кездесті?

– Алғашқы кезде қаржы мен тұтынушыларды тарту қиын болды. Бірақ табандылық пен үздіксіз ізденіс арқасында бұл кедергілерді де еңсердік.


– Негізінен қандай өнім түрлерін ұсынасыздар? Олардың ерекшелігі неде?

– Біз сапалы әрі қолжетімді үй жиһаздарын, балалар ойыншықтарын, ұлттық нақыштағы түрлі бұйым жасаймыз. Басты ерекшелігі – жоғары сапа мен тұтынушы сұранысына сай болуы керек.

 

– Сұраныс қалай, жалпы? Бағасы тұрғындар қалтасына салмақ салмай ма?

– Сұраныс мол. Бағалары да орташа. Мысалы, бір орындық 15 мың теңге тұрады. Ал үстелдердің бағасы 50-60 мың теңге аралығында. Барлық қажетті материалды Алматыдан сатып аламын. Қазір жанымда бір көмекші жұмыс істейді. Бір тапсырысты 3 күн ішінде жасап шығарамыз. Орташа есеппен күніне үш орындық, бір үстел дайындаймыз.

 

– Тауарларыңызды басқа аудандарға немесе облыстарға саудалау жоспарда бар ма?

– Иә, ауқымды тапсырыстар да түсіп тұрады. Таяуда Зайсан ауданынан келді. Енді Өскеменнен тағы бір тапсырыс түсті. Алдағы уақытта тауарларымызды басқа аудандар мен облыстарға экспорттау жоспарда бар.

 

– Кәсіп жүргізу барысында сіз үшін ең маңызды қағида қандай? Не нәрсеге басымдық бересіз?

– Ең әуелі адалдық пен сапаға баса назар аударамын. Тұтынушылар сенімін үнемі ақтауға тырысамын.

 

– Өскеменде ағаш бұйымдары бойынша жәрмеңкелер өтіп тұрады. Өзіңіз әзірлеген заттарды соған апарып көру жоспарда бар ма? Алға қандай мақсат қойып отырсыз?

– Болашақта өндіріс көлемін арттырып, жаңа өнім түрлерін шығарып, жұмыс орындарын көбейтуді көздеймін. Балалар ойыншығын жасауға да көңіл бөлгім келеді. Себебі, таза ағаштан жасалған ойыншықтың зияны жоқ. Дүкендегілерден қарағанда сапасы да жоғары, пайдасы да мол. Иә, бұйымдарды жәрмеңкелерге апарып тұрамын. Өзім де осы салада білімімді жетілдіріп, ғаламтордан түрлі үлгіні қарап отырамын. Жалпы өз ісімді барынша жоғары деңгейге шығарсам деймін. Адал еңбегіммен ел игілігіне қызмет етіп, өңірдің кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға өз үлесімді қосқым келеді.

 

– Жас кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Қорықпай әрекет етіп, мақсатқа жету үшін сенімді қадам жасау керек. Еңбекқорлық пен табандылық кез келген жетістікке жеткізеді.

 

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Фотосурет: Еркежан ОРАЛҒАЗИНА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив