A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 14:50 0

Күршім ауданында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 30 үй салынады

Бүгін / Күршім

12 маусым күні Өскеменде өткен жиында Күршім ауданы әкімінің орынбасары Сымбат Дүйсенғазин ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады. Ол БАҚ өкілдері қойған бірқатар сауалға жауап беріп, шешілмей жатқан мәселелер бойынша ресми мәлімет ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тегін таратылған дәрілер

Айтуынша, ауданда білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуде. Қазір Қыстау-Күршім ауылында 50 орындық мектеп құрылысы басталды. Сонымен қатар оффтейк келісімшарты аясында Бірлік ауылында тағы бір 50 орындық мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Жалпы ауданда 27 білім беру ұйымы жұмыс істейді.

– 2024 жылы Ю.А. Гагарин атындағы №1 Күршім орта мектебі, Н.Островский атындағы №4 Күршім орта мектебі, Қыстау-Күршім негізгі орта мектебі, Сарыөлең орта мектебі және «Болашақ» балабақшасына жөндеу жүргізілген. Биыл тағы екі мектепті жөндеуге қаржы бөлініп, білім беру мекемелері үшін биология және химия кабинеттері сатып алынды. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мақсатында 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында Күршім ауылында 140 орындық «Дара бала» балабақшасы пайдалануға берілді. Бұл аудан орталығындағы кезекте тұрған балалар санын азайтып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берді, – деді Сымбат Дүйсенғазин.

Ауданда жалпы тәжірибелік дәрігер, офтальмолог, кардиолог және эндокринолог мамандары жетіспейді. Бүгінде офтальмолог, кардиолог және эндокринолог қызметтерінде зейнет жастағы дәрігерлер еңбек етуде.

– Халыққа медициналық көмекті аудандық аурухана, үш дәрігерлік амбулатория, екі фельдшерлік-акушерлік пункт, 13 медициналық пункт және бір жеке медициналық қызметкер көрсетеді. Соңғы уақытта қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім 38,6 пайызға, ал туберкулезбен сырқаттанушылық 33,6 пайызға төмендеген. Туберкулезден қайтыс болу дерегі тіркелмеді, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Анықталғандай, 2026 жылдың алғашқы төрт айында ауданда 31 сәби дүниеге келген. Ана мен бала өлімі тіркелген жоқ. Осы кезеңде тұрғындарға 35 миллион теңгенің тегін дәрі-дәрмегі таратылған.

Сымбат Дүйсенғазиннің сөзінше, жол жөндеу жұмыстары да жалғасып жатыр. Мәселен, «Күршім–Қалжыр–Ақсуат» автожолының 37-47 шақырым аралығын орташа жөндеуге 737 миллион теңге бөлінген. Жалпы аудан аумағындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 563 шақырымды құрайды. Бүгінде Қаратоғай, Барақ батыр және Құйған ауылдарында жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қаратоғай ауылындағы І.Айтықов көшесінің 0,9 шақырымы жөнделіп, ауылішілік жолдарды қалпына келтіру толық аяқталған. Ал Барақ батыр ауылындағы Қ.Сұраужанұлы көшесінің екі шақырымында жөндеу жұмыстары жалғасуда.


«Аманат» тұрғындары айтқан мәселе

Ауданда ара шаруашылығы жақсы дамыған. Әсіресе Маралды ауылдық округінде шоғырланған бұл салада 51 кәсіпкер мен жеке қосалқы шаруашылық жұмыс істейді. Өндірілген бал өнімдері Астана, Алматы және Өскемен қалаларына жөнелтіледі.

– Мал шаруашылығын қолдау мақсатында 144 шаруашылыққа жалпы көлемі 153,5 миллион теңге субсидия төленген. Бүгінде ауданда 500 бастан астам ұсақ мал ұстайтын 23 және 100 бастан жоғары ірі қара өсіретін 38 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Биыл аудан бойынша егістік көлемі 22,7 мың гектарды құрады. Оның басым бөлігі – 20 мың гектары мал азықтық дақылдарға тиесілі, – деді әкімнің орынбасары.

Қазір аудандағы 20 ауыл таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Тек бір елдімекенде бұл мәселе толық шешілмеген. Күршім ауылындағы су құбыры желілерін жаңарту жобасының жалпы құны – 6,7 миллиард теңге. Жоба 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Биыл жұмыстарды жалғастыру үшін 305 миллион теңге бөлінген.

Ауданда тұрғын үй кезегінде 379 адам тұр. Оның ішінде 201 адам әлеуметтік жағынан осал топтарға жатады.

– «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында биыл 30 тұрғын үй салу жоспарланған. Қазір Алғабас, Күршім, Қыстау-Күршім және Жолнұсқау ауылдарында тұрғын үй құрылысы басталған. Үйлерді сатып алу жұмыстары қазан айына дейін аяқталмақ, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Ресми ақпаратқа сенсек, ауданда 122 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 20 спортзал, 13 атуға арналған тир, бір стадион, бір бассейн және 87 ашық спорт алаңы бар. Жыл басынан бері 35 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 3415 адам қатысқан. Қазір спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындар саны 5796 адамға жеткен.

Аудандағы бірнеше ауылда интернет желісі әлі де қолжетімсіз. Соның бірі – Аманат ауылы. Сымбат Дүйсенғазиннің айтуынша, мәселені шешу үшін байланыс операторларымен келіссөздер жүргізілуде. Былтыр Қыстау-Күршім ауылындағы барлық тұрғын үйге Starlink жүйесі орнатылған. Ал Аманат ауылын интернетпен қамтамасыз ету мәселесі облыс басшылығының бақылауында тұр. Әкімнің орынбасары бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу жоспарланғанын алға тартты.

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив