Алдымен бұл туралы ақпаратпен Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Қайрат Сәтжанов әлеуметтік желідегі парақшасында бөліскен болатын. Кейінірек Berel музейі осы туралы бейнежазба жариялады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Айта кетейік, Қайрат Тұрсынханұлы биыл қаңтар айында Қазақстан бокс федерациясы жаттықтырушылармен жұмыс жөніндегі вице-президенті қызметіне тағайындалған болатын. Содан алғашқы жұмыс сапарын Шығыс Қазақстанға жасады. Кейінірек өзге өңірлерге барып, бокс ахуалымен танысып, жылдық жоспар бекітті. Арада айлар өткенде әлемге танымал қазақ боксшыларын ертіп, Шығыс топырағына тағы бір келді.
– Өңірімізге қонақ болып қазақтың батыр жігіттері, кәсіпқой бокстың жарқын өкілдері келіп, Шығыстың көркем табиғатын тамашалады. Қонақтар қатарында әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы, ресми менеджері Берік Сұлтан, кәсіпқой боксшы Сұлтан Заурбек, Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбеков және ҚР Спортшыларды қорғау қорының төрағасы Азамат Қарлығашев бар, – деді ол.
Ал кеше «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында қонақ болды. Әйгілі қазақстандық кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы арнайы ат басын бұрды олар да мақтанышпен жазды.
– Сапар барысында даңқты спортшы музей залдарының экспозициясымен, Берел жазығындағы қорғандардан табылған сақ дәуірінің бірегей жәдігерлерімен, ат әбзелдерімен және алтын бұйымдармен танысты. Экскурсия мәртебелі қонаққа осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген көшпенділердің тарихы мен бай мәдениетіне терең бойлауға мүмкіндік берді, – делінген ақпаратта.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, Жәнібек Әлімханұлы көрген жәдігерлерге шынайы таңданысын жасырмай, кешеннің тарихи маңыздылығы мен мұраның сақталу деңгейін жоғары бағалаған.
– Барлығы өте жақсы ұйымдастырылған. Бұл біздің қастерлі тарихымыз. Мұны біліп, мақтан тұту – бәріміздің міндетіміз, – деді Әлем чемпионы.
Музей-қорық әкімшілігі Жәнібек Әлімханұлына арнайы келгені үшін алғыс білдіріп, спорттағы жаңа белестерді бағындыруға тілектестігін жеткізді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет: satzhan_kairat
Пікірлер