Қаладағы Жоғары техникалық-гуманитарлық колледж базасында «Циньлинь» шеберханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараға Қытай Халық Республикасының Шанло қаласындағы Кәсіптік-техникалық колледж делегациясы арнайы қатысып, оқу орнының тыныс-тіршілігімен, материалдық-техникалық базасымен және білім беру бағытындағы жұмыстарымен танысты.
Шанло қаласындағы Кәсіптік-техникалық колледж өкілі Ли Чэнтаоның айтуынша, екі оқу орны арасындағы әріптестік білім беру саласында тәжірибе алмасып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
– Бұған дейін Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да «Лу Бань» шеберханасының ашылуына қатысып, оның жұмысымен танысқан едік. Бұл жолы Жоғары техникалық-гуманитарлық колледжге келіп, мұндағы практикалық және ғылыми жұмыстарды көрдік. Біздің колледж кәсіби білім беру саласында танымал. Сіздермен серіктестік орнату біз үшін өте маңызды. Алдағы уақытта арнайы цифрлық платформа құруды да қарастырып, ынтымақтастықты одан әрі дамытуды көздейміз. Білім беру саласына жаңа технологиялар мен тың бастамалар енгізуге ниеттіміз. Сондай-ақ бұл шеберхана жергілікті өнеркәсіп орындарының дамуына да үлес қосады деп сенемін, – деді Ли Чэнтао.
Айта кетейік, бұл сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы академиялық және тәжірибелік байланысты дамытуға, сондай-ақ білікті мамандар даярлау бағытында озық тәжірибе алмасуға бағытталған. Жаңа шеберхана студенттердің кәсіби даярлығын жетілдіруге жол ашпақ.
– «Циньлинь» шеберханасының ашылуы – колледждің материалдық-техникалық базасын жаңғыртудағы маңызды қадам. Мұнда заманауи білім беру технологиялары енгізіліп, студенттердің практикалық дағдыларын дамытуға басымдық беріледі. Сонымен қатар шеберхана еңбек нарығының сұранысы мен автомобиль өнеркәсібінің дамуына сай мамандар даярлауға мүмкіндік береді, – деді колледж директоры Ернар Іргебаев.
Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбекқызының айтуынша, жобаның басты мақсаты – өңірдегі білікті мамандар тапшылығын азайту.
– Бүгін колледж базасында ашылған шеберхана Шанло қаласындағы Кәсіптік-техникалық колледжбен бірлесіп жүзеге асырылып отыр. Негізгі мақсатымыз – облыстағы маман тапшылығын азайтып, автомобиль мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер біліктілігін арттыру. Қазір технология қарқынды дамып келеді. Соның ішінде электромобильдер өндірісі мен қолданысы да кеңейіп жатыр. Оларды жөндеп, техникалық қызмет көрсете алатын мамандарға сұраныс артып келеді. Осы шеберхана арқылы аталған бағыттағы кадр даярлау ісін дамытуға үлес қосамыз деп сенеміз, – деді ол.
Жиын соңында тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Пікірлер