«Қазгидромет» РМК 2026 жылғы 12–14 қарашаға арналған Қазақстан аумағы бойынша ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, алдағы үш тәулікте республиканың басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады деп болжанады.
— Жаңбыр және қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауып, көктайғақ болжанады. Жекелеген күндері елдің батысында, солтүстігінде, орталығында, ал 13 қарашадан бастап оңтүстігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Республика бойынша жел күшейеді, елдің шығысында жаяу бұрқасын соғады. Түнгі және таңертеңгі сағаттарда тұман күтіледі, — делінген хабарламада.
Ауа температурасы:
Батыста: түнде 2–9 градус жылыға дейін жоғарылайды, күндіз 8–17 градус жылы болады.
Солтүстікте: түнде 2–10 градус аязға дейін төмендейді, күндіз негізінен 2 градус аяз бен 5 градус жылы аралығында болады.
Орталықта және шығыста: түнде 5–15 градус аязға дейін төмендейді, күндіз негізінен 3 градус аяз бен 5 градус жылы аралығында болады.
Оңтүстікте: түнде 1–8 градус аязға дейін төмендейді, күндіз 5–12 градус жылыға дейін жоғарылайды.
Оңтүстік-шығыста: түнде 3–8 градус, таулы аудандарда 11–16 градус аяз болады. Күндіз 2–10 градус жылыға дейін жоғарылайды, таулы аудандарда 1–6 градус аяз болады.
Пікірлер