
Назар аудартқан Назымханов: Қарағандылық жігіт «Алтай-Өскемен» сапында доп теуіп жүр
Қайталап жазудан жалықпайтын сияқтымыз. Өскемендік футболшылар осы маусымды республикадағы бәсі биік лигада бастап, фавориттерге қарсы лайық қарсылық көрестіп келеді. Турнир кестесіндегі жағдайы жақсара түспесе де, бәлендей ұпай жоғалта қоймаған. «Алтай-Өскемен» қазір легионерлер алып, команданы күшейтіп жатыр. Ал біз жуықта осы ұжымның жартылай қорғаушысы Абылайхан Назымхановты әңгімеге тартқан едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бапкерден түскен шақырту
Сұхбатымыз қаладағы «Восток» стадионында өтті. Ол заңдылық та. Аспанды шарбы бұлт торлап, ыстықтың беті енді қайтқан еді. Біз кешқұрым бардық. Бас бапкер Вахид Масудов көмекшілерімен бірге керек-жарақты әзірлеп, жігіттердің басын қосып жатыр екен. Бізге бір-екі мәрте көз тастап, кейіпкерімізбен әңгімелесе бастағанда жанарын дереу тайдырып әкетті. Бір ойымыз, Назымхановты Масудов биыл ғана емес, мұның алдында да жақсы таныған. Өзі Өскеменге ойысып, «Алтай-Өскемен» Премьер-лигаға өткенде Абылайханмен етене жұмыс істеп жатыр.
Сонымен сұңғақ, қараторы жігіт Қарағандыда туған екен. Сол жақтағы академия түлегі. Бала күнгі қызығушылығы бұлай кәсіби деңгейге жетеді деп өзі де ойламаса керек. Бірақ қазір біраз бапкердің көзіне түсіп, қадағалауда жүргені күмәнсіз. Себебі, өскемендік ұжым жігіттері алаңға беттегенде Абылайхан қорғаныс пен шабуылда қатар сауатты ойнап үлгеріп жүр.
– Әуелі «Шахтер» академиясына қабылданып, кейін біртіндеп маңызды матчтарға қатыса бастадым. Кәсіби футболға 2020-шы жылы ауыстым. Әулетімде, туысқандарында спортпен біржола айналысып кеткендер жоқ. Өзім кішкентайымнан алаңда доп теуіп, ала допқа ерекше қызықтым, – деді ол.
Кейіпкеріміз алдымен туған қаласының намысын арқалаған «Шахтер-Қарағанды» сапында ойын өткізді. Алғашқы голын да ұмытпаған. 2021 жылы Қазақстан Кубогі жолындағы бәсекеде «Ордабасы» қақпасына салды. Ал өскемендік ұжымға биылғы маусым басында қосылған.
– Бұл командаға мені бас бапкер Юнусович өзі шақырды. Екеуіміз бұған дейін де бірге жұмыс істеген болатынбыз. Сондықтан шақырту түскенде көп ойланбастан келістім. Бір жағынан ол кісіні жақсы танимын, қандай талаптар қоятынын да білемін, – деді Абылайхан.
Айта кетерлік жайт, қазір Вахид Масудов шәкірттері әуелде біршама командамен 1:1 болып түсіп, болмаса 1:0 есебімен ұтылып жүрді. Спорт мамандарының талайы «Алтай-Өскеменнің» қорғанысын ерекше атап өтіп жүрді. Осыны Абылайханнан сұрадық. Оның сөзінше, қағаз жүзінде фаворит болуы мүмкін, бірақ ойын кезінде олай емес. Жалпы, өскемендік клубта мықты ойыншылар көп екенін, бірақ түбі шабуыл мен қорғаныста бәрі бірдей тер төгіп жүргендерін атап өтті. Назымхановтың ойынша, 11 ойыншы алаңда жүрсе, өзгесі қосалқы құрамда отырады. Бірақ жеме-жемге келгенде бәрінің мақсаты бір – жеңіс. «Алтай-Өскемен» де Шығыс Қазақстан секілді көпұлтты. Ұжымда қазақ та, орыс та, нигериялық та, серб те, грузин де бар. Кейіпкерімізден ішкі атмосфераны да сұрап көрдік.
– Ішкі атмосфера тамаша. Командаға енді қосылып жатсам да, мұндағы кей футболшымен алдында ойнаған болатынбыз. Бірқатар футболшыны жастар құрамысының оқу-жаттығу жиындары мен матчтар кезінде танысқам. Алғаш көрген спортшылармен де қарым-қатынасымыз жақсы. Себебі, бір нанды бөлісіп жейміз, бір мақсат қойдық. Бәріміздің алға қойған міндетіміз бір болғандықтан, өзара сыйластығымыз жақсы, – деді футболшы.
«Қазақ жігіттері доп тебе алады»
«Қайрат» шабуылшысы Дастан Сәтбаев лондондық «Челсиге» ауыспай тұрып, өскемендік Ислам Чесноков Даниялық «Хартс» клубуына бармай тұрып, тіпті оның алдында Қазақстан Ұлттық құрамасы Ұлттар лигасын жеңбей тұрып, қазақ жігіттері футбол ойнай алмайды деген стереотип ұзақ уақыт көрермен санасынан кетпегені рас. Қазір қазақ қарадомалақтары біртіндеп Еуропаны бағындырып жатыр. Абылайханның осы жағын біліп көрдік.
– Ондай нәрсе кез келген жерде болады деп ойлаймын. Артқа тарту, жаман айту деген бәрібір де айтылып жатады. Бірақ оған мән беріп керек жоқ деп ойлаймын. Өзіңіз айтқандай, Дастан Сәтпаев Англияда доп тебетін болды. Ал Ислам Чесноков Шотландиядағы «Хартс» клубы қатарын толықтырды. Оларды мақтан етеміз. Магомед Адиев тізгіндеген Ұлттық құрамамыз да Еуропаның мықты ұжымдарына лайқты қарсылық көрсетті. Бәріне уақыт керек деп ойлаймын. Қазақ жігіттері доп тебе алады, – деді спортшы.
Абылайхан қазіргі бапкердің өте талапшыл, жоғары деңгейдегі маман екенін баса айтты. Жаттығу сайын жаңа комбинация бойынша жұмыс істегенмен, соңында ойын бағасын халық береді. Қарағандылық жігіттің әңгімелесу кезінде өзін барынша қарапайым ұстап, әр сұрақты ой сүзгісінен өткізіп барып жауап бергенін айта кетуге болады. «Қай клубтан ұсыныс түссе, барып ойнар едіңіз?» деген сауалды бірден, бірақ сабырлы қалыпта жауап берді.
– Әр футболшының арманы ТОП-клубтарда ойнау ғой. Кейде ұсыныс білдірген бапкер өзі шақырту жасаған ойыншымен әрі қарай жұмыс істей ала ма, жоқ па екенін бағамдап жатады. Сол үшін екі жақ та түсіністікпен жұмыс істейтіндей болып жатса, түскен ұсынысты қабылдаймыз. Бірақ әзірге мына клуб, ана клуб деп таңдамай-ақ қояйын, – деді ол.
Бастысы сол, Абылайханға Қарағандыдағы ата-анасы мен жақындары қолдауын аямайды. Ал жан-жақты сенім арқалаған аяқ доп шебері «Алтай-Өскеменді» турнир кестесінде көтеру үшін барын салатынын жеткізді.
Айта кетейік, маусымның 20-сы күні өскемендік клуб өза алаңында «Жетісу» клубымен өзара мықтыны анықтаған еді. Бірақ 3:3 есебімен тең тарқасты.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер