Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы Қазақстанның шығысындағы Оңтүстік Алтай өңірінің көркем Марқакөл қазаншұңқырында орналасқан. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Қорықтың басты табиғи байлығы — тау ормандары, гүлге көмкерілген шалғындар мен қарлы шыңдар қоршаған Алтайдағы ең ірі су айдыны — Марқакөл көлі.
Қорық 1976 жылғы 4 тамызда Оңтүстік Алтайдың бірегей табиғи кешендерін сақтау мақсатында құрылған. 2026 жылы қорық өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтеді. Оның негізгі қызмет бағыттары — табиғи экожүйелерді қорғау, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін зерттеу, олардың генетикалық қорын сақтау, сондай-ақ Марқакөл көлінің экологиясы мен балық қорын ғылыми тұрғыдан зерттеу.
Қорықтың негізгі қорғау нысандары — бірегей ихтиофаунасы бар Марқакөл көлі, таулы-тайгалы және биік таулы ландшафттар, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлардың бай дүниесі. Қазіргі таңда қорық аумағы 102 971 гектарды құрайды және Марқакөл қазаншұңқырының шамамен 87 пайызын қамтиды.
Марқакөл көлі теңіз деңгейінен шамамен 1449 метр биіктікте орналасқан. Оның ұзындығы 38 шақырым, ауданы шамамен 455 шаршы шақырым. Көлге көптеген тау өзендері мен бұлақтар құяды, ал одан Қалжыр өзені ғана бастау алады.
Марқакөл қазаншұңқырының климаты шұғыл континенттік. Қысы ұзақ әрі қарлы, аяз кейде –45°С-қа дейін жетеді. Жазы қысқа әрі салқын келеді. Климаттық ерекшеліктеріне байланысты Марқакөл Қазақстандағы ең суық өңірлердің бірі саналады.
Қорық флорасында жоғары сатыдағы өсімдіктердің 710-ға жуық түрі кездеседі. Олардың арасында Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек және эндемик өсімдіктер бар. Атап айтқанда, сібір қандығы, алтай рауғашы және алтынтамыр өседі.
Жануарлар дүниесі омыртқалы жануарлардың 300-ден астам түрінен тұрады. Қорықта марал, бұлан, қоңыр аю, сілеусін, бұлғын сияқты тайга жануарлары мекендейді. Сирек кездесетін түрлердің қатарында қар барысы, бүркіт, аққұйрық субүркіт, балықшы тұйғын және қара ләйлек ерекше орын алады.
— Елу жыл ішінде Марқакөл қорығы биоалуантүрлілікті сақтау мен Оңтүстік Алтай табиғатын зерттеудің маңызды орталығына айналды. Бүгінде ол Қазақстанның ең көркем әрі бірегей табиғи аймақтарының бірін сақтап, келер ұрпаққа жеткізу жолында маңызды рөл атқарып келеді, — делінген хабарламада.
Пікірлер