Катонқарағай ауданына барған жұрттың пантымен емделуге асығатыны бар. Бүгін Берел ауылының іргесіндегі поэзия кеші қарсаңында қонақтар үшін кәуәп пісіріліп, кейбірі панты өнімдерін сатты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шілденің 10-ы күні аудан орталығының атшабарында тақымы тастай жігіттер көкпар тартты. Шараның басы-қасында жүргендер сахна маңын сәндеп, орындықтар әкеліп, фестиваль тамашалауға келгендер үшін бәрі тап-тұйнақтай болуына мән беріп жатқан. Дайындық барысы болғандықтан шығар, көпшілігінің қимылы бірқалыпты, аса бір аптығу мен асығу аңғарылмады. Ал Берел ауылының ігесіндегі Патшалар жазығы өмірі шығармашылықпен өрілген ақындар бас қосқан жерге айналды. Фестиваль өз алдына, шет жақта сауда қызып жатты. Кәсіп пен қауырт жұмысқа ден қойғандардың айтуынша, осындай меймандар көп келетін жиын-концерт, фестиваль кезінде табыс тауып, жырғап қалады. Солардың бірі – Жамбыл ауылының тумасы Данияр Рамазан. Қонақтар үшін бұғының қанынан жасаған сусын сатып тұр. Ел арасында пантокрин деп аталады. Бұғының қаны ұзақ сақталуы үшін сироп ретінде дайындалады.
– Бұған емдік пайдасы бар тамырлар қосылады. Сироп қайнатылып, бұғының қаны араққа қосылады. Пантогемотаген бұзылып кетпес үшін міндетті түрде араққа қосылады. Жалпы, бұл иммунитет пен қан айналымына жақсы. Геммоглабинді көтереді, ер адамдарға күш береді. Бұрын біз Шұбарағаш деген ауылда тұрған болатынбыз. Ол жерде марал шаруашылығы дүркіреп тұрды. Әкемдер мұнымен айналысып жүргенде мен кішкентай болатынмын. Кейін солардың жолын жалғап мен қолға алдым, – деді Данияр Ришадұлы.
Айтуынша, Қазақстан бойынша саудалайды. Өздері жеткізіп береді, кейде InDrive арқылы салып жібереді. Бірақ ұшаққа салып жібере алмайды. Лицензия сұрайды екен. Сол үшін сертификат қажет.
– Иммунитеті төмендеген балаларға да беруге болады. Көп емес, кішкентай қасықпен бір қасық жетеді. Егер ауырмаса, ішпегендері дұрыс. Әсіресе, иммунитет әлсірегенде пайдалы. 0,5 көлемдегі шыны ыдыстағы пантогематогенды 6000 теңгеден сатамыз. Бұл ғана емес, тұнбаның да түр-түрі бар, – деді ол.
Жамбылдық кәсіпкер жігіт бал саудалайтындарын да айтты. Қазір жасы 30-дан асты, ал бұғы қаны қосылған сусынды сауда сахнасына шығарғанына 10 жылдың жүзі болыпты. Сөзінше, фестивальден тыс кезде де сұраныс жақсы. Тұрақты клиенттер бір алған соң кері қайтармаған көрінеді.
– Соңғы екі жылда Батыс Қазақстаннан тапсырыс берушілер жиіледі. Ақтау, Атырау, Жаңаөзен, Маңғыстау өңірі, сосын Қызылорда жақты да айтуға болады. Ал тұрақты клиенттер Астана мен Алматыдан қоңырау шалады. Жазда туристер көп келсе, қыста қайталап тапсырыс беріп жатады. Біз шыны бөтелкедегіні сатамыз. Солай бұғы қаны бір жылдай сақталып, құрамы бұзылмайды, – деді Данияр Рамазан.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі
Пікірлер