A+ A A-

talgatzhan 1 Бүгін, 14:50 0

Катонқарағайдағы топ бәйгеде Күршімнің аттары озды

Бүгін / Күршім / Катонқарағай / Спорт

Аудан орталығы іргесіндегі атшабарда ұлттық спорт түрлері өтіп, топ бәйгенің үздіктері анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сөреге 24 ат тізіліп, әуелде топ арасы сиремей, ешбірі тұтамдап алға оза қоймады. Дегенмен айналым сайын Күршім, Глубокое ауданынан әкелінген жүйріктер шеңбер аясында үстемдік таныта бастады. Соңғы айналымда жүйріктердің арасы созыла түсіп, біршама ат жарыс жолынан шығып қалды. Ал мәреге 500 метр қалғанда Күршім ауданынан әкелінген екі ат қатарласа шапты. Соңғы метрге дейін кім озатынын болжау мүмкін емес болып, жұрт соңғы метрлер қалғанша не боларын күтті. Дегенмен «Үміт» атты сәйгүлік мәре сызығын бірінші кесіп, «Қарқын» оның ізін ала жетті. «Үмітті» тізгіндеген Нұрсұлтан Әнуархан Тарбағатай ауданының тумасы. Біршама тәжірибелі шабандоз екен. Қазір 13-те. 
–    Біраз бәйгеге қатыстым. Павлодарда өткен жарыста үшінші іріктеуде бірінші болып келдім. «Үмітті» соңғы айналымға дейін ұстап отырдым. Атбегі берген нұсқаулық сондай. Әйтпесе, ол өзін өзі алға сүйрей береді. Әуелі екінші топ ішінде, сосын алдыңғы топқа ілестім, – деді ол.
Негізі Нұрсұлтанды жақындары мен ауылдастары Вася деп атайды екен. Неге олай деп сұрасақ, кішкентай күнінен солай еркелетіп айтып кетіпті бәрі. Бапкеріне «осы бәйгеде Вася шауып берсін» деп қолқа салған соң күршімдіктер ұсынысын қабыл алған. 
Мәреге екінші келген ат та Күршім ауданынан. «Үмітпен» қатарласып шапқан «Қарқын» иесінің көңілінен шыққан көрінеді. Ат иесі Алихан Камалхановтың сөзінше, Катонқарағай ауданындағы жарысқа арнайы дайындалған.
Бұл «Қарқынның» биылдыққа бірінші бәйгесі. Бәйге өте жоғары деңгейде өтті. Бәрі дұрыс. Бұл бес жасар ат. 2024 жылы Ресейден әкелінген. Ат шабысы көңілімнен шықты. Үштікте болады деп сендік. Алланың қалауымен 2-орын иелендік. Шабандозға соңына дейін атты ұстап деген тапсырма берілді. Негізі өзі де тәжірибелі, – деді Алихан.

Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі


Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив