A+ A A-

talgatzhan 20 Кеше, 11:35 0

«Жолды жыл біткенше ашамыз» – Нұрбек Тұраров

Бүгін / Катонқарағай / Алтай

Жұмысқа үшінші мердігер кіріскенде көп адамның көңілін сенім билей бастады. Ресми атауы Осинов асуы, бірақ жұрт арасында Тереңсай аталып кеткен тасжолда қазір жұмыс қызу. «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» республикалық маңызы бар тасжолды қазір қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Жұмысқа жауапты «ОблШығысЖол» ЖШС амандық болса, жыл бітпей аяқтаймыз деп отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

130 адам жұмыс істеп жатыр

Жуықта жалғасып жатқан жұмыспен танысып қайттық. Биыл сәуір айында қолға алынып, қазір қарбалас тірліктің 65 пайызы аяқталыпты. Кей адамға пайызбен айтылған көрсеткіштер ұғынықсыз болуы мүмкін. Қысқасы, жұмыс бел ортасынан асып, бір соқпаққа түскен. Мәлім болғандай, Өскеменнен Катонқарағай ауданына бет алғанда көлік мінген жұрт 56-72 және 72-88 шақырымдарға жеткенде біршама кідіріп қалатын. Осы екі учаскеде қайта жаңғырту жүргізуге 9,9 млрд теңге бөлінуі тиіс. Бірақ іс жүзінде қалай?
 – Жұмысты бастау үшін бізге 900 млн теңге бөлінген. Қазір нысанда 130-ға тарта маман еңбектеніп жатыр, 40-тан астам арнайы мамандандырылған техника жұмылдырылған. Жобаны күрделендіріп тұрған құрылыстардың бірі – Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір. Оның ұзындығы – 175 метр, биіктігі – 45 метр. Көпір сегіз тіректен және жеті аралықтан тұрады. Шатқалдың ішінде биік тіреулер қою біраз қажыр-қайратты қажет етіп жатыр. Төңірек те тар, – деді «ОблШығысЖол» ЖШС директорының орынбасары Нұрбек Тұраров.
Бұл жерде техника орналастыру да алдын ала есептеуді қажет етеді. Себебі құрылыс алаңының шеңбері шектеулі. Бәрін жұмысқа ыңғайлы етіп қою керек. Нұрбек Тұраровтың сөзінше, мердігер компания өзіне артылған жауапкершілікті толықтай сезініп отыр. Уақтылы қолданысқа беру үшін барын салатын көрінеді. Бір жағынан стратегиялық жағынан маңызы зор. Анығы сол, бөлінген 900 млн теңге толықтай игерілген. Ал ары қарай қаржыландыру мәселесі әлі шешімін таппаған. Дегенмен қайта жаңғыртуға қажет арматура, темір бетон бұйымдары сатып алынып, құрылыс алаңына жеткізілді.
– Бетон араластыратын құралды осы жаққа алып келдік. Өйткені көпірдің құрылысы кезінде бетонның сапалы болуына мән беріледі. Сол талаптарды сақтау үшін бетон қоспасын әзірлейтін құрылғыны осында әкеліп орналастырдық. Мұнда біздің арнайы зертханамыз бар. Нысанға күнделікті авторлық және лабороториялық тексеру жүргізіліп отырады. Жұмысты биыл аяқтауға бел буып отырмыз. Қаржыландыру мәселесінің шешілуі де маңызды. Қазіргі ырғақты жоғалтып алмасақ, уақтылы қолданысқа беруге еш кедергі жоқ. Көпір құрылысының 65 пайызы тәмамдалса, жол бойынша 90 пайызы аяқталды, – деді Нұрбек Тұраров.

Сапаға кім жауап береді?

Жолға қиыршық тасты-мастикалық асфальт төселіп жатқанын айта кеткен орынды. Жалпы 56-72 және 72-88 шақырымдағы қайта жаңғырту шамамен 2017 жылы басталды. «ОблШығысЖол» бастамай тұрып, екі мердігер ұйым жұмысты бастап, аяқтай алмай кетті. Ендігі сұрақ сол, қалған 9 млрд теңге жыл біткенше бөлініп үлгере ме? Қазірдің өзінде жұмыстың жартысынан көб бір миллион теңгеге жетпейтін қаражатқа орындалған.
Жол активтері «Ұлттық сапа орталығы» ШҚО бойынша филилалы өкілі Айдос Қабылбековтің сөзінше, сәуір басталғалы 24 рет тексеру жүргізілді. Соның аясында 71 сынама алынып, қиыршық тас, құм секілді инертті материалдар тексерілген. Айтуынша, 10 ретінде сынама стандартқа сай болмай шықты.
– Мысалы керн алу барысында қиыршық тасты мастика қабаты талапқа сай болмағандықтан бірталай жердің асфальты қырылды.  Шамамен 22 мың шарт метр жол жабынының қабаты қырылып алынды. Енді соған жаңадан төселетін болады, – деді Айдос Қабылбеков.
«ҚазАвтоЖол ҰК» ШҚО филилалы директорының орынбасары Айбек Қасеновтің айтуынша, қазір жөнделіп жатқаны – 16 шақырым. Жаңа жол қолданысқа берілсе, тағы төрт шақырымға қысқарады.
– Бұл жер таулы аймақ болғандықтан қыста көлік қозғалысы қиындайды. Қар көшкіні де жиілейді. Жобаның іске асырылуының бір себебі осы. Тағы айта кетерлігі, «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» тасжолы – туристік бағыт. Жол пайдаланушылар саны да жыл сайын артып келеді. Бұл Қазақстандағы ең биік көпір. Сегіз тіреудің алтауында жұмыс толық аяқталды. Қалған екеуін жуықта аяқтаймыз. Көпір құрылысы аяқталса, асфальттау да бірқалыпты төселмек. Қаржы министрлігі қалған 9 млрд теңгені бөлуді мақұлдаса, жұмысқа да серпіліс болар еді, – деді ол.
Тау етегінде жеткен ақпараттар осындай. Естеріңізде болса, Күршімге апарар елдегі ең ұзын көпірді осы «ОблШығысЖол» ЖШС қызметкерлері салған болатын. Тереңсайдағы осы учаскеде қайта жаңғыртуға жауапты осы мекеме дегенде көп тұрғынның қуанғаны рас. Себебі, осы мердігер ұйымға сенім бар дейді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив