Облыс әкімінің өкімімен Дархан Бақытжанұлы Сапанов облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Дархан Сапанов 1985 жылдың 2 қаңтарында Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген.
Ол бірнеше жоғары оқу орнында білім алған. 2007 жылы Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-ды «Өнеркәсіптік жылу энергетикасы» мамандығы бойынша инженер біліктілігімен тәмамдады. 2009 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2022 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында «Іскерлік әкімшілендіру докторы» (DBA) бағдарламасын аяқтады.
Еңбек жолын 2007 жылы бастаған. Әр жылдары Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы департаментінде бас маман, «Астанаэнергосбыт» ЖШС-де инженер, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінде сарапшы қызметтерін атқарды.
2009-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрі кеңсесінде әр түрлі лауазымдарда еңбек етті. Атап айтқанда, бас сарапшы, бас консультант, сектор меңгерушісі, бас инспектор және Индустриялық-инновациялық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2020-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болды.
2023 жылғы ақпан айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Мемлекеттік қызмет саласындағы еңбегі үшін 2018 жылы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған.
Айта кетейік, бұған дейін Дархан Сапанов облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарса, енді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.
Пікірлер