A+ A A-

talgatzhan 33 Бүгін, 17:45 0

Өскеменде «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Бүгін / Өскемен

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымының Орталық кеңесі төрағасы Әбілғазы Құсайынов, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, өңірлік ардагерлер кеңестерінің өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жиында ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ардагерлердің қоғамдағы рөлі және жастарға патриоттық тәрбие беру мәселелері талқыланды. Облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов мемлекет тарапынан ардагерлер қозғалысына әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтті.
– Ұрпақ тәрбиесі мен ел болашағына бағытталған маңызды бастамалардың барлығы жүзеге асырылып келеді. Бүгінде еліміз жаңа даму кезеңіне қадам басты. Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды саяси, әлеуметтік және экономикалық реформалар қолға алынды. Қоғам сұранысы мен уақыт талабына сай жаңа өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Ардагерлердің қоғамдық бастамалардағы белсенділігі мен азаматтық ұстанымы ерекше. Өңірдегі маңызды қоғамдық-саяси мәселелер бойынша ардагерлермен үнемі кездесіп, пікір алмасып отырамыз. Олардың өмірлік тәжірибесі мен парасатты пікіріне әрдайым сүйенеміз, – деді облыс әкімі.
Алтай аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Назигүл Шоматова өңірде ардагерлер мен жастар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған жұмыстарға тоқталды.
– Осы жоба аясында ауданда көптеген іс-шара өткізіліп жатыр. Біздің басты мақсатымыз – үлкендерді құрметтеу, олардың өмірлік тәжірибесін кейінгі буынға жеткізу. Бүгінде Ұлы Отан соғысы ардагерлері азайып қалды, алайда тыл еңбеккерлері мен еңбек ардагерлері бар. Мамыр айында соғыс ардагерлерінің отбасыларына тағзым жасалып, тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді. Сонымен қатар оқушылар мен студенттер ардагерлерге көмек көрсетіп келеді. Жастар тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта Алтай ауданында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Сарбаздар мектебі» мен әскери-патриоттық сыныптар ашылып, патриоттық тәрбие жүйелі жүргізілуде, – деді ол.
Шара барысында ұзақ жылдар бойы журналистика және қоғамдық қызмет саласында еңбек еткен Катонқарағай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Қызыров марапатқа ие болды.
– «Құрмет» белгісімен марапатталғаныма қуаныштымын. Бұл – көп жылғы еңбегімнің бағалануы. Журналистика саласында 52 жыл еңбек еттім, аудандық «Арай» газетінде қызмет атқардым. Қазір ардагерлер кеңесінде жұмысымды жалғастырып келемін. Ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарды сақтау – халқымыз үшін әрқашан маңызды. Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз, – деді ол.
Жиын соңында ардагерлер қозғалысының дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматқа «Құрмет» белгісі табысталды. Марапатталғандар қатарында Катонқарағай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Қызыров, Ұлан ауданы Аблакетка ауылдық округі ардагерлерінің бастауыш ұйымының төрағасы Әлімхан Орзаев және Глубокое ауданындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Нина Ершова бар.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив