A+ A A-

talgatzhan 34 Бүгін, 09:40 0

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жиында демалыс базаларын салу ұсынысын көтерді

Бүгін / ШҚО

15 шілдеде облыстық мәслихаттың кезекті 29-шы сессиясы өтті. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов, облыстық мәслихат төрағасы Денис Рыпаков, депутаттар, басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Төраға тоқталған тақырыптар

Алдымен облыстық мәслихат төрағасы Денис Рыпаков жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жайлы ақпарат ұсынды. Оның сөзінше, осы уақытқа дейін мәслихаттың 8 сессиясы, оның ішінде 4 кезекті және 4 кезектен тыс сессиясы өтті. 

– Өңірлік мәслихат құзыретіне сәйкес есепті кезеңде барлығы 68 шешім, оның ішінде нормативтік құқықтық сипаттағы 24 шешім қабылданды. Тұрақты комиссиялардың 6 отырысы ұйымдастырылды. Күн тәртібіндегі мәселелерді қарау нәтижелері бойынша комиссиялар мемлекеттік органдарға ұсынымдар енгізіп, қаулылар қабылдады. Облыстық мәслихаттың 16 шешімі тұрақты комиссиялардың бақылауына алынды, – деді ол.

Сессияларда аймақ дамуына әсер ететін келелі мәселелер қаралды. Депутаттар облыстық бюджеттің игерілуі туралы есептерді тыңдап, денсаулық сақтау саласын дамыту, цифрландыру және жасанды интеллект жобаларын іске асыру барысын талқылады.

– Өткекн жылдағы маңызды шешімдердің бірі – 2026-2030 жылдарға арналған Шығыс Қазақстан облысы даму жоспарының бекітілуі. Құжатта өңірдің алдағы бес жылдағы негізгі даму басымдықтары сараланып, 115 индикатор мен көрсеткіш белгіленген. Оның ішінде Ұлттық даму жоспарына енгізілген 39 индикатор мен 54 көрсеткіш бар, – деді облыстық мәслихат төрағасы.

Бұдан бөлек, облыстық бюджетке алты мәрте өзгеріс енгізілді. Депутаттар өңірде жалпы су пайдалану қағидаларын бекітіп, ауылдарда жасыл желек отырғызу, күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын қайта қарады. Денис Рыпаковтың айтуынша, тұрақты комиссиялардың алты отырысы өтіп, мемлекеттік органдарға ұсынымдар жолданды. Қазір облыстық мәслихаттың 16 шешімінің орындалуы тұрақты комиссиялардың бақылауында тұр.

– Халықпен 207 кездесу мен жиналыс өткізіліп, 235-тен астам азаматтың өтініші жеке қабылдауларда қаралды. Тұрғындар тарапынан барлығы 468 мәселе көтерілді. Аталған мәселелерді шешу үшін депутаттар түрлі мемлекеттік органдарға 226 депутаттық сауал жолдаған, – деді ол.

Сессия барысында депутаттардың белсенділігін арттыру, халықпен байланысты одан әрі күшейту, мәслихат шешімдерінің орындалуын тұрақты бақылау, шешім жобаларын сапалы әзірлеу, аппарат қызметкерлері мен депутаттардың кәсіби біліктілігін жетілдіру міндеттері белгіленді. Сонымен қатар мәслихат депутаттарына облыстың әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын іске асыру үшін үлес қосып, Мемлекет басшысы III республикалық барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумында айқындаған міндеттерді жүзеге асыруға атсалысу ұсынылды.

 

Балабақша құрылысы басталуы тиіс

Мәслихат сессиясында облыстық Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов білім беру қызметтерін мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес ету бойынша қолға алынған шаралар туралы мәлімдеді. 

– Облыстағы 380-ге жуық мектепке дейінгі мекемеге 33 100 бала барады. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 99,3% құрайды. Толық қамтуды қамтамасыз ету мақсатында жаңа орындар ашу бойынша өңірлік жоспар іске асырылуда. Мәселен, былтыр 4 жаңа жекеменшік балабақша ашылып, 9 жұмыс істеп тұрған балабақша кеңейтіліп, 1 499 жаңа орын құрылды, – деді Қуат Оқасов. 

Ал 2026 жылы жаңа және жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі мекемелерді ашу және кеңейту есебінен қосымша 1 303 орын ашу жоспарланып отыр. 2027-2028 жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Өскеменде 1 040 орынға арналған 4 балабақша салу мәселесі қарастырылуда. 


Әкім айтқан ұсыныс

Сессия барысында Нұрымбет Сақтағанов жаңа Конституцияның күшіне енуі елдің саяси жаңғыруының жаңа кезеңін бастағанын жеткізді. 

– Ата Заң халық билігі, әділеттілік, ашықтық және мемлекеттік институттардың есептілігі қағидаттарын орнықтырып, азаматтардың мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Осыған байланысты алдағы электоралдық науқанның маңызы ерекше. Бұл – конституциялық реформаларды іс жүзінде жүзеге асырудың маңызды кезеңі. Біздің басты міндетіміз – сайлау үдерісінің заңдылығын, ашықтығын, жариялылығын және барлық қатысушылар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Алдағы Құрылтай сайлауында шығысқазақстандықтар дәстүрлі түрде жоғары азаматтық белсенділік танытады деп сенемін, – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ ол Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінің жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Әкімнің сөзінше, бұл іс-шара тек Шығыс Қазақстан үшін ғана емес, ең алдымен Мемлекет басшысының тапсырмасымен қайта құрылған Катонқарағай ауданы үшін тарихи маңызы зор оқиға болды.

– Фестиваль Катонқарағай ауданының халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттырып, мыңдаған туристер мен қонақтарды тартты. Шағын және орта бизнестің, қызмет көрсету, сауда салаларының дамуына тың серпін берді. Бұл бір реттік мәдени шара болып қалмай, Катонқарағайдың орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына, инвестициялар тартуға және жаңа ауқымды жобаларды жүзеге асыруға негіз болатын маңызды бастамаға айналады деген сенімдемін, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімі туризмді дамыту үшін бизнестің де белсенді қатысу керектігін жеткізді. Ол Өскемен мен Риддер қалаларындағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындарына нақты ұсыныс білдірді.

– Ендігі кезекте бұл жұмыстардың жалғасы ретінде Өскемен мен Риддерде жұмыс істейтін ірі кәсіпорындар әлеуметтік жауапкершілік, азаматтық ұстаным және қызметкерлер алдындағы міндет ретінде Катонқарағай мен Марқакөл аудандарында демалыс базаларын салу туралы ұсынысым бар. Осылайша, өңір туристік әлеуетін көтеруге үлес қоссақ, – деді аймақ басшысы.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив