Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов шарттық негізде үгіт материалдарын орналастыру қызметтерін көрсететін БАҚ және онлайн-платформаларды пайдаланушыларға мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Buqara.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Қандай жауапкершілік қарастырылған
Оның айтуынша, олар үгіт басталғанша кемінде 5 күн бұрын Орталық сайлау комиссиясына орналастыру бағасы мен шарттары туралы мәліметтерді ұсынуы қажет.
– Үгіт материалдарын Орталық сайлау комиссиясы көрсетілген мәліметтерді жариялаған соң ғана орналастыруға болады. Көрсетілген талаптарды сақтамаған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген (айыппұл 30-дан 50 АЕК-ке дейін), – деді орынбасар.
Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесулер өткізу үшін шарттық негізде үй береді. Олар бірыңғай әрі тең жағдайларда ұсынылуға тиіс.
– Осы талаптарды бұзу Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 123-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады (айыппұл 30 АЕК)», – делінген ақпаратта.
Материал жариялағандарға құлаққағыс
Үгіт материалдарында осы ақпараттарды шығарған ұйым туралы, тапсырыс берген адамдар және қандай қаражат есебінен төленгені туралы мәліметтер болуы ескерілуі қажет.
– Ел аумағынан тыс жерде үгіт материалдарын дайындап, жасырын (анонимді) үгітматериалдарын таратуға, сондай-ақ ағымдағы сайлау науқаны үшін дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға тыйым салынады, – делінген прокуратура ақпаратында.
Үгіт материалдарын өшіргендерге қандай шара қолданылады
Онлайн-платформаларға қатысты мұндай талаптар онлайн-платформаларды пайдаланушылар үгіт материалдарын шарттық негізде дайындаған жағдайда қолданылады. Осы талаптарды бұзғандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 113-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады (айыппұл 25 АЕК).
– Меншік иесінің немесе өзге де иеленушінің келісімімен ғимараттарда, құрылыстарда және өзге де объектіде орналастырылған үгіт материалдарын қасақана жою немесе бүлдіру Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 114-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 15 АЕК), – деді Ерлан Өтегенов.
Айта кетейік, Құрылтай сайлауына биыл 7 партия атынан бес жүзден аса кандидат тіркеліп отыр. Сайлауалды үгіт жұмыстары бүгіннен бастап бір айға жуық уақыт жүргізіледі. Құрылтай сайлауының өзі 23 тамызда өтеді.
Фото: veshastana.kz
Пікірлер