Өңірде елдімекендердің тазалығын сақтау, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмыстарда абаттандыру қағидалары мен қоғамдық тәртіптің сақталуын бақылауды қамтамасыз ететін полиция қызметкерлерінің рөлі ерекше, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Күн сайын полиция қызметкерлері өңір көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, Жедел басқару орталығының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануда. Бейнебақылау камералары мен заманауи мониторинг жүйелері қоғамдық орындарды ластау, абаттандыру қағидаларын бұзу деректерін тәулік бойы анықтап, құқық бұзушыларды жедел түрде белгілеуге мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында полиция қызметкерлері 6 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 4,8 мыңға жуығы аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзуға қатысты болса, 1 мыңнан астамы ортақ пайдаланылатын орындарды ластаумен байланысты. Сонымен қатар облыс аумағында 120-дан астам заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, әрбір дерек бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Цифрлық технологияларды пайдалану құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге ғана емес, профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыруға да мүмкіндік береді. Қоғамдық орындардың бейнебақылауда болуы азаматтардың жауапкершілігін күшейтіп, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – әкімшілік хаттамалардың санын арттыру емес, тазалық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Өйткені таза аула, көше немесе саябақ әр адамның қарапайым әрекетінен – қоқыс тастамаудан, өзгенің еңбегін құрметтеуден және абаттандыру қағидаларын сақтаудан басталады.
ШҚО Полиция департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысуға шақырады.
Пікірлер