Өскемен қаласында патрульдік полиция қызметкерлері өрт шыққан пәтерді құтқарушылар келгенге дейін сөндіріп, ірі өрттің алдын алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 24 шілде күні сағат 16:57 шамасында болған. Жедел басқару орталығына қаладағы көпқабатты үйлердің біріндегі пәтерден өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына "Қыран-23" патрульдік полиция экипажы – полиция аға лейтенанты Дастан Маратов пен полиция лейтенанты Ерик Габдуллин жедел жеткен. Полицейлер кіреберіс есіктің ашық тұрғанын және пәтерден қою түтін шығып жатқанын байқап, бірден ішке кірген.
Тәртіп сақшылары бөлмелердің бірінде жиһаздың жанып жатқанын көріп, өрт сөндірушілерді күтпестен жалынды өз күштерімен сөндіруге кіріскен. Нәтижесінде өрт бірнеше минут ішінде толықтай ауыздықталып, оның бүкіл пәтерге таралуына жол берілмеген.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция департаментінің мәліметінше, қызметкерлердің жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында төтенше жағдайдың алдын алып, тұрғынның мүлкін сақтап қалу мүмкін болды.
Пікірлер