ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сайтына сілтеме жасап.
Күн тәртібіндегі негізгі тақырып – «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы болды.
Премьер-министр биыл республика бойынша 12 мың шақырымға дейін инженерлік желілерді жөндеу жоспарланғанын атап өтіп, барлық көзделген іс-шараның уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын жеделдетуді тапсырды.
Шығыс Қазақстан облысында 2030 жылға дейін 1,7 мың шақырымнан астам инженерлік желіні жаңғырту жоспарланып отыр. Оның ішінде 1,2 мың шақырым электр желісі, 145 шақырым жылу желісі, 212 шақырым сумен жабдықтау және 213 шақырым су бұру желілері бар.
Биыл өңірде жалпы құны 9,7 млрд теңгені құрайтын алты жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде жылумен жабдықтау саласындағы екі жобаға 1,4 млрд теңге, сумен жабдықтау бағытындағы үш жобаға 3,5 млрд теңге, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін автоматтандыруға арналған бір жобаға 4,8 млрд теңге қарастырылған. Барлық конкурстық рәсім толық аяқталып, мердігер ұйымдармен тиісті шарттар жасалды.
Қазір облыста бірнеше бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Облыс орталығында су құбыры желілері мен магистральдық су тартқыштар қайта жаңғыртылып, сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріндегі өндірістік процестерді автоматтандыру жұмыстары енгізілуде.
Сонымен қатар жылу желілерін жаңғырту жалғасуда. Жыл соңына дейін жылумен жабдықтау саласындағы екі жобаны аяқтау жоспарланса, тағы төрт жоба өтпелі болып саналады және оларды 2027 жылы аяқтау көзделген.
Айта кету керек, Ұлттық жобаны іске асыру инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейін кезең-кезеңімен төмендетуге, коммуналдық қызметтердің сенімділігін арттыруға және Шығыс Қазақстан облысының одан әрі орнықты дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жаңғыртудың келесі кезеңі алдағы жылға жоспарланған. Ол жалпы құны 68 млрд теңгені құрайтын 26 жобаны қамтиды. Атап айтқанда, жылумен жабдықтау бойынша – 14 жоба, электрмен жабдықтау бойынша – 8 жоба, су бұру бойынша – 3 жоба және Риддер қаласында су тұтынуды есепке алудың заманауи аспаптандыру және автоматтандыру жүйесін енгізу жөніндегі бір жоба іске асырылмақ. Бүгінде аталған жобалар электрондық платформаға енгізіліп, қажетті келісу рәсімдерінен өтуде.
Сонымен қатар Ұлттық жобаға қосымша нысандарды енгізу мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұл Шығыс Қазақстан облысының коммуналдық инфрақұрылымын 2030 жылға дейін кешенді түрде жаңғырту жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік береді.
Пікірлер