Анасының алтын алқасын ломбардқа өткізген 22 жастағы ер адам рақымшылыққа ілінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, жас жігіт сүйіктісімен бірге оның анасына тиесілі алтын алқаны ломбардқа тапсырған. Мұны білген әйел құқық қорғау органдарына арыз жазды.
Сот шешімімен жігіт бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін ол екі айға жуық пробация қызметінің есебінде болды.
ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты қабылданған рақымшылық туралы заң күшіне енгеннен кейін пробация қызметінің мамандары оның жеке ісін қарап, сотқа рақымшылық қолдану жөнінде ұсыныс енгізді. Сот бұл ұсынысты қанағаттандырып, азаматты жазасының қалған бөлігін өтеуден босатты.
Сот отырысынан кейін жас жігіт бұл оқиға өзіне үлкен сабақ болғанын айтты.
– Мен қызыма сендім, бірақ мұның қылмыстық іске ұласатынын ойлаған жоқпын. Соның салдарынан сотталдым, ал ол мені тастап кетті. Әр адам өз ісіне өзі жауап береді. Рақымшылық маған өмірді жаңадан бастауға мүмкіндік берді. Бұл өмірлік сабақты ешқашан ұмытпаймын, – деді ол.
ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ақпаратынша, қазір пробация қызметі рақымшылыққа жататын сотталғандарға қатысты 300-ге жуық материалды сотқа жолдаған. Оның басым бөлігі жаза мерзімін қысқартуға қатысты. Сонымен қатар 50-ден астам сотталған адам жазасын толық өтеуден босатылуы мүмкін. Әр іс жеке тәртіппен қаралып, түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Дегенмен рақымшылық заң талаптарын жоққа шығармайды. Ол жасаған қателігін түсініп, түзелуге және қоғамға қайта бейімделуге ниетті азаматтарға екінші мүмкіндік беруге бағытталған.
Пікірлер