Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында облыс аумағындағы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыстарды жалғастырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жүргізілген жұмыстар екі негізгі нысанда — сыртқы сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг форматында — іске асырылды.
Департаменттің алдында тұрған міндеттеріне сәйкес талдау өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық маңызы бар салаларын қамтыды. Атап айтқанда, жер қойнауын пайдалану саласындағы аумақтық мемлекеттік мекеменің қызметі, денсаулық сақтау жүйесіндегі квазимемлекеттік сектор субъектілері, сот сараптамасы қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік мекеменің филиалы зерттелді.
Жүргізілген талдаудың мақсаты — тексерілетін ұйымдардың нормативтік-құқықтық базасын, ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметін, қаржы ресурстары мен мемлекеттік активтерді пайдалануын, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін, кадр саясатын, ішкі бақылау және комплаенс тетіктерінің тиімділігін кешенді бағалау.
Талдау барысында қолданыстағы заңнама, ведомстволық актілер, мемлекеттік аудит нәтижелері және ашық көздердегі деректер зерделенді.
Әрбір объект бойынша жеке-жеке аналитикалық құжат дайындалып, анықталған тәуекел салалары бойынша нақты ұсыныстар тұжырымдалды. Ұсыныстар негізінен ұйымдардың ішкі бақылау жүйесін нығайтуға, басқару органдарының (соның ішінде бақылаушы кеңестердің) тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, рәсімдердің ашықтығын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің заңнама талаптарына сәйкес жұмыс істеуіне бағытталды. Тиісті ұсыныстар нәтижелерді жою жауапты министрліктер мен ведомстволарға, облыс әкімдігіне және тексерілген ұйымдардың басшылығына ресми түрде жолданды.
Департамент барлық жолданған ұсыныстың орындалу барысын үздіксіз бақылауда ұстайтынын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелдерді анықтау мен алдын алу жөніндегі жүйелі жұмысты облыс аумағында одан әрі жалғастыратынын хабарлайды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті
Пікірлер