Орталықтың ашылуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сапанов, Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымының миссия басшысы Серхан Актопрак және ұйымның Қазақстандағы ұлттық бағдарлама үйлестірушісі Светлана Бекмамбетова қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шетелге барып жұмыс істеп қайтамын дегендер енді осы жерде тиісті мәлімет ала алады. Ұйымдастырушылар сөзінше, жобаның негізгі мақсаты сол, еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік және кәсіби бейімделуіне қолдау көрсету. Жоба Халықаралық көші-қон ұйымы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
– Бүгін біз халыққа жаңа мүмкіндік беретін маңызды орталық жұмысын бастадық. Қазір мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі – нәтижелі жұмыспен қамту және азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында өңірде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек нарығын жүйелі дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылып келеді. Соның бірі шетелге жұмысқа орналасуды жоспарлаған азаматтарға қолдау көрсететін осы орталықтың ашылуы, – деді Дархан Сапанов.
Орталық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына қарасты «Шығыс Қазақстан облысының еңбек мобильдігі орталығы» базасында жұмыс істейді.
– Бұл менің Өскеменге алғаш келуім. Ең алдымен облыс әкімдігі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне алғыс білдіремін. Статистикаға сүйенсек, бүгінде 304 миллион адам көші-қонға қатысуда. Сондықтан көші-қонның әлеуеті мен болашағы зор деп есептеймін. Осындай маңызды орталықтың ашылуына атсалысқаныма қуаныштымын, – деді Серхан Актопрак.
Шетелде жұмысқа орналасуға қызығушылықтың артуына байланысты Өскеменде ашылған бұл орталық азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп қана қоймай, олардың қауіпсіз әрі заңды еңбек көші-қонына жағдай жасауға ықпал етеді.
– Аталған жоба нақты жоспар мен индикаторларды қамтиды. Енді шетелде жұмыс істеуді жоспарлаған қазақстандықтарға жан-жақты кеңес берілетін болады. Басты мақсатымыз – шетелдегі қазақстандық еңбек мигранттарының құқықтарын барынша қорғау. Осы уақытқа дейін біз Орталық Азиядағы серіктестерімізбен бірлесіп, еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау бағытындағы тәжірибелерді зерделеп келеміз. Сонымен қатар елдегі жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктерімен ынтымақтастығымызды нығайттық, – деді Светлана Бекмамбетова.
Айта кетейік, орталық Шығыс Қазақстан облысымен қатар Павлодар және Абай облыстары тұрғындарына да қызмет көрсетеді.
Пікірлер