Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінен қашты деген мерзімді әскери қызметші табылды. Бас әскери полиция басқармасы оның қазіргі жағдайы туралы мәліметті жариялады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, қатардағы жауынгер А.Е. Мархан қаладан шамамен 20 шақырым жерде ұсталып, әскери полиция бөліміне жеткізілген. Оны табу үшін ҚР Қарулы күштерінің әскери полициясы әскери қызметшілері жұмылдырылды.
Бас әскери полиция басқармасы сарбаздың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді.
Қазір аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.
Алдын ала мәліметке сәйкес, сарбаз үйін сағынуына байланысты қызмет орнын өз бетінше тастап кеткен.
– Тексеру барысында әскери қызметші командирлер немесе бірге қызмет атқаратын әскери қызметшілер тарапынан жарғыға қайшы қарым-қатынас немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілері болмағанын айтқан, – деп хабарлады ҚР Қарулы күштерінің Бас әскери полиция басқармасы.
Пікірлер