Облыстың Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Игорь Клишиннің мәліметінше, рақымшылыққа біршама адамды жазадан босатты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мәлім болғандай, өңір аумағында «Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңды іске асыру аяқталды. Оның аясында облыста 32 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершіліктен босатылды. Ал қысқартылған әкімшілік өндірістер бойынша айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 880 миллион теңге.
– Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы Заңға Мемлекет басшысы биыл 1 шілдеде қол қойды. Құжатта барлығы 280 әкімшілік құқық бұзушылық қарастырылған. Оның 58-і ішкі істер органдарының құзыретіне жатады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің қысқартылғаны жөнінде азаматтарға SMS-хабарламалар жіберілді, – деді Клишин.
Рақымшылық көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу, көлік жүргізу кезінде телефон қолдану, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын бұзу, жол қиылыстарынан өту, маневр жасау, аялдау және тұраққа қою ережелерін сақтамау, сондай-ақ жол қозғалысы ережелері мен қоғамдық тәртіпке қатысты өзге де ұсақ құқық бұзушылықтарға қатысты қолданылды.
– Бұл – бір реттік гуманитарлық шара. Ол азаматтарды алдағы уақытта жасалуы мүмкін құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды. Егер құқық бұзушылық қайталанса, кінәлі тұлғалар заңға сәйкес толық жауапкершілікке тартылады, – деп түйіндеді полиция полковнигі.
Пікірлер