Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары – 2026» сайысын ашық деп жариялады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
- Осы тамаша спорт мерекесін өткізуге атсалысқан барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Ұйымдастырушыларға, серіктестерге, төрешілер мен бапкерлерге, тиісті мамандарға және еріктілерге алғыс айтамын. Бұл ойындар халықтарымыздың тамыры терең достығын бекемдейді, береке-бірлігін арттыра түседі деп сенемін. Спортшыларға сәттілік тілеймін! Біз сіздерден тартысты ойын күтеміз. Ендеше, «Болашақ ойындары – 2026» сайысын ашық деп жариялаймын!, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Болашақ ойындары – 2026» сайысының ашылу салтанатында көрермендер театрландырылған шоу мен отандық эстрада жұлдыздары қатысқан концерттік бағдарламаны тамашалады.
Айта кетейік, 29 шілде – 9 тамыз аралығында Астана қаласында алғаш рет киберспорт пен спорттың дәстүрлі түрлерін және жаңа технологияны ұштастырған халықаралық турнир өтеді.
Биылғы сайыстарға 34 елден келген 800-ден астам спортшы қатысады.
Астанадағы турнирде спортшылар фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-шутер, фиджитал-би, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds секілді 8 бағыт бойынша күш сынасады.
Пікірлер