Өңірде «Адам саудасы – ауыр қылмыс!» атты республикалық ақпараттық науқан аясында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова адам саудасына қарсы күрес – қазір өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
– Қазір облыстық Полиция департаментімен бірлесіп, адам саудасына қарсы күрес бойынша ауқымды жұмыстар жүргізу басшылыққа алынып отыр. Ал осы шараның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекет тарапынан көрсетілетін қорғау шаралары туралы ақпарат беру әсіресе, шетелге жұмысқа орналасу кезінде сақтық танытудың маңыздылығын түсіндіру. Шараға қатысушылар адам саудасының алдын алу, азаматтардың шетелге шығуы кезінде құқықтарын қорғау және олардың қылмыстық әрекеттерге тартылуының алдын алуды талқылады, – деді ол.
Іс-шара барысында адам саудасының белгілері, заңсыз еңбекке тарту мен күмәнді жағдайларда қайда жүгіну қажеттігі жөнінде түсіндіру жүргізілді.
ШҚО Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының уәкілі Әділет Қайырбекұлының айтуынша, ақпараттық науқан Ішкі істер министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған.
– Өскеменде «Адам саудасы – ауыр қылмыс!» республикалық ақпараттық науқаны өтті. Науқан аясында қала тұрғындарымен профилактикалық және түсіндіру жүргізілді. Азаматтарға адам саудасына қатысты заңнама талаптары түсіндіріліп, мұндай қылмыстардың алдын алу шаралары жөнінде ақпарат берілді, – деді ол.
Пікірлер