Қылмыстық процесте цифрландыруды дамыту жөніндегі Бас Прокурор Берік Асыловтың тапсырмасына сәйкес, Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің бастығы Асхат Шәріпов жетекші отандық IT-компаниялар мен цифрлық экожүйе ұйымдарының өкілдерімен жұмыс кездесулерін өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кездесу барысында «Q.AI Limited» компаниясының бас директоры Дмитрий Мун мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектті қолданудың заманауи мүмкіндіктерін, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеп-тексеруге арналған перспективалық шешімдерді көрсетті.
Alem.ai жасанды интеллект орталығының алаңында Astana Hub, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Astana Innovations» АҚ және «TSARKA» ЗТБ басшылары Smart Data Ukimet, Smart City платформаларын, сондай-ақ цифрлық криминалистика саласындағы заманауи шешімдерді қоса алғанда, отандық цифрлық әзірлемелерді таныстырды.
– Көрсетілген технологиялар үлкен көлемдегі деректерді интеллектуалды талдау, жекелеген процестерді автоматтандыру және қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеп-тексеру кезіндегі талдамалық мүмкіндіктерді кеңейту есебінен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің тиімділігін айтарлықтай арттыруға қабілетті, – делінген ақпаратта.
Өз кезегінде Асхат Шәріпов Бас Прокурор Берік Асыловтың тапсырмасына сәйкес, Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында қадағалау органында заманауи цифрлық технологиялар дәйекті түрде енгізіліп, қылмыстық істерді тергеп-тексеру және «Заң мен Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен қолданылып жатқанын хабарлады.
Кездесулердің қорытындысында тараптардың бірлескен жобаларды іске асыру, тәжірибе алмасу және озық отандық цифрлық шешімдерді арнайы прокурорлардың қызметіне енгізу ниеттерін бекітетін ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Фото: ortcom.kz
Пікірлер