
Жолақы жөнімен қымбаттапты: Өскеменде неліктен қоғамдық көлік бағасы қайта қаралды?
Соңғы күндері Өскемен тұрғындары арасында қоғамдық көлік тарифінің қайта қаралуы жиі талқыланып жатқан тақырыптың біріне айналды. Қала әкімдігі 1 қыркүйектен бастап қоғамдық көліктердегі жолақы құнын өзгерту туралы ұсыныс енгізді. Жобаға сәйкес, көлік картасы немесе басқа да қолма-қол ақшасыз төлем арқылы жол жүру құны 120 теңге, қолма-қол төлем 200 теңге болмақ. Қазір тұрғындар электрондық төлем кезінде – 90 теңге, ал қолма-қол төлегенде кондуктор қолына 130 теңге ұстатып жүр. Мұндай өзгеріс алғаш қарағанда тұрғындар қалтасына салмақ салатындай көрінуі мүмкін. Алайда мәселенің екінші жағына үңілсек, қоғамдық көлік жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін мұндай шешімнің себептері неден туындағанын аңғару қиын емес, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Он жыл бойы өзгермеп еді
Өскеменде қоғамдық көлік тарифі соңғы рет 2017 жылдың ақпан айында өзгертілген болатын. Сол кезде жол жүру ақысы 80 теңгеден 90 теңгеге көтерілді. 2022 жылы электрондық билет жүйесі енгізілген соң төлем тәсіліне қарай сараланған тариф белгіленді. Көлік картасымен төлеу бұрынғыдай 90 теңге болып қалса, қолма-қол төлем 130 теңгеге дейін өсті.
Яғни, қоғамдық көлікті тұрақты пайдаланатын тұрғындардың басым бөлігі үшін жол жүру бағасы шамамен он жыл бойы өзгеріссіз сақталды. Ал осы уақыт ішінде елдегі экономикалық жағдай мүлде басқа арнаға бұрылып, инфляция шарықтады. Жанар-жағармай бағасы, автобустардың қосалқы бөлшектері, техникалық қызмет көрсету шығындары, жүргізушілердің еңбекақысы, коммуналдық төлемдер – барлығы қымбаттады. Қоғамдық көлік жүйесі де осы экономикалық өзгерістердің ықпалынан тыс қалған жоқ. Дегенмен тұрғындар бұл өзгерістерді билет бағасынан сезінген жоқ. Өйткені жол жүру құнының нақты өзіндік бағасы мен тұрғындар төлейтін тарифтің арасындағы айырмашылықты ұзақ жылдар бойы мемлекет субсидиялап келді.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Ибраевтың айтуынша, бүгінде Өскеменде 70 қоғамдық көлік бағыты жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы конкурс негізінде белгілі бір тасымалдаушыға бекітіледі. Әр бағыттың өзіндік ерекшелігі бар. Бір бағытта жолаушылар саны көп болса, енді бірінде аз. Бір маршруттың ұзақтығы бірнеше шақырыммен шектелсе, енді бірі қаланың шеткі аудандары мен саяжайларға дейін қатынайды. Соған сәйкес олардың шығыны да әртүрлі. Бұрын тасымалдаушылар барлық шығынды тек билеттен түскен қаражат есебінен жабуға мәжбүр болды. Олар сол қаржыға жанармай сатып алып, автобустарды жөндеп, қосалқы бөлшектер алып, жүргізушілер жалақысын төлеп, салықтарын өтейтін. Алайда уақыт өте келе бұл жүйенің өміршең еместігі белгілі болды. Осыған байланысты республика бойынша қоғамдық көлік бағыттарын субсидиялау тетігі енгізілді. Қазір Өскемендегі 54 бағыт әлеуметтік маңызы бар маршрут ретінде белгіленген. Мұндай бағыттардың нақты шығыны арнайы әдістемемен есептеледі. Оның құрамына жанармай, техникалық қызмет көрсету, қосалқы бөлшектер, жүргізушілердің еңбекақысы, салықтар және басқа да міндетті шығын енгізіледі. Ал есептелген нақты баға мен тұрғын төлейтін билет бағасы арасындағы айырмашылық жергілікті бюджеттен өтеледі. Бөлім басшысының сөзінше, көптеген бағыт бойынша бір жолаушы тасымалдаудың нақты құны тұрғын төлейтін билет бағасынан бірнеше есе жоғары. Мәселен, кейбір қалалық маршрутта бір жолаушыны тасымалдауға кететін шығын 200-300 теңге. Ал шалғайдағы саяжайларға қатынайтын бағыттарда бұл көрсеткіш 1200-2000 теңгеге дейін барады. Соған қарамастан тұрғындар бұрынғыдай 90 теңге төлеп келді. Қалған айырмашылық бюджет қаражаты есебінен өтеледі. Бұл жүйенің басты мақсаты сол, әлеуметтік маңызы бар бағыттарды сақтап қалу. Егер мұндай қолдау болмаса, жолаушылар саны аз бағыттардың көпшілігі экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып, олардың жұмысы тоқтап қалуы мүмкін еді. Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, соңғы бес жыл ішінде елдегі инфляция бірнеше мәрте 10 пайыздан асып түсті. Соның салдарынан 2017 жылғы 90 теңге мен бүгінгі 90 теңгенің сатып алу қабілеті мүлде өзгеше. Оған қоса, 2026 жылы республикалық бюджетте шығыстардың артуы өңірлік бюджеттерге де әсерін тигізді. Көптеген жоба кейінге шегеріліп, кейбір шығын түрін оңтайландыруға тура келді. Өскеменде де қалалық бюджетті шамамен үш миллиард теңгеге қысқарту жоспарланып отыр. Осындай жағдайда қоғамдық көлікке бөлінетін субсидия көлемін бұрынғы қарқынмен ұлғайту мүмкін болмай қалды. Ал тасымалдаушылар шығындары, керісінше, жылдан-жылға өсіп келеді. Сондықтан қоғамдық көлік тарифін қайта қарау мәселесі тек билет бағасын көтеру туралы шешім емес. Бұл – қоғамдық көлік жүйесінің тұрақты жұмысын сақтап қалу, жүргізушілердің еңбекақысын уақытылы төлеу, автобустарды жөндеу мен жаңартуды жалғастыруға бағытталған қадам.
Былтырғы берешек өтелді
Қоғамдық көліктің күн сайын белгіленген уақытпен қатынап, тұрғындарды діттеген жеріне жеткізуін көпшілік қалыпты жағдай деп қарайды. Бірақ оның артында үздіксіз жұмыс істейтін үлкен әрі күрделі жүйе жатыр. Әр автобустың таңертең бағытқа шығуы үшін ондаған маман еңбек етеді. Жүргізуші мен механиктен бастап, диспетчер, жөндеуші, техникалық қызмет көрсету мамандарының үйлесімді жұмысы қажет. Ал мұның барлығы қомақты қаржыны талап етеді. Тасымалдаушылардың негізгі шығындарына жанармай, мотор майлары, қосалқы бөлшектер, дөңгелектер мен аккумуляторлар, автобустарды жөндеу, техникалық қызмет көрсету, коммуналдық төлемдер, салықтар және қызметкерлердің еңбекақысы кіреді. Соңғы жылдары осы шығындардың барлығы дерлік бірнеше есеге өсті.
Әсіресе, жанар-жағармай бағасының қымбаттауы тасымалдаушылар шығынын едәуір арттырды. Сарапшылар мәліметінше, 2016 жылдан 2026 жылдың шілдесіне дейін Қазақстанда автокөлік отынының бағасы орта есеппен 2-3,3 есеге өсті. Бағаның бұлай өсуіне бірнеше фактор әсер етті. Алдымен 2015-2016 жылдары АИ-92 маркалы бензинге мемлекеттік баға реттеуі тоқтатылды. Кейін 2023-2024 жылдары көрші елдерге арзан отынның заңсыз шығарылуын шектеу мақсатында жанар-жағармайдың шекті бағасы кезең-кезеңімен көтерілді. Ал 2026 жылы нарықтық баға белгілеу жүйесіне толық көшу нәтижесінде бензин бағасының жылдық өсімі рекордтық деңгейге жетті.
Бұл өзгерістің барлығы қоғамдық көлік тақырыбына да тікелей әсер етті. Өйткені автобустардың күнделікті жұмысы ең алдымен жанар-жағармайға тәуелді.
Ержан Ибраевтың айтуынша, қоғамдық көлікті қолдауға бөлінетін бюджет көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Егер өткен жылы бұл мақсатқа шамамен 9 миллиард теңге жұмсалса, биыл субсидия көлемі 15,5 миллиард теңгеге дейін жетпек. Бұл – тек қолданыстағы маршруттар жұмысына қажетті қаржы. Сонымен қатар қалада жаңа бағыттар да іске қосылып жатыр. Бүгінде №9, қайта ашылған №43, сондай-ақ №223 және №240 бағыттары сынақ режимінде жұмыс істейді. Алдағы бірнеше айда олардың жолаушылар ағыны, тиімділігі және қажеттілігі сараланып, кейін толыққанды субсидиялау жүйесіне енгізіледі. Мамандар есебінше, барлық жаңа бағыт толық іске қосылған жағдайда қоғамдық көлікті субсидиялауға қажетті қаржы көлемі жылына 20 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін. Алайда осы жылдың басынан бері бұл мақсатқа небәрі 4 миллиард теңге бөлінген. Оның 2,5 миллиард теңгесі өткен жылдан қалған берешекті өтеуге жұмсалған. Бұл да бюджет мүмкіндігінің шектеулі екенін көрсетеді.
Өскеменге ғана тән өзгеріс емес
Қоғамдық көлік тарифін қайта қарау тек Өскеменге тән құбылыс емес. Соңғы жылдары Қазақстанның көптеген қаласында қоғамдық көлік жолақысы қайта есептелді. Бүгінде Қарағанды мен Павлодарда көлік картасымен жол жүру – 100 теңге, қолма-қол төлем – 200 теңге. Астанада бұл көрсеткіш тиісінше 110 және 220 теңгені құрайды. Қостанай мен Ақтөбе қалаларында да төлем тәсіліне қарай сараланған тариф қолданылады. Яғни, Өскеменде ұсынылып отырған жаңа тариф республиканың өзге облыс орталықтарындағы деңгейге жақындайды. Сараланған тарифтің тағы бір артықшылығы бар. Қолма-қол ақшасыз төлем жүйесі жолаушылар ағынын нақты есептеуге, қаржылық ашықтықты қамтамасыз етуге, автобустардың аялдамада кідірісін азайтуға мүмкіндік береді. Қалалық мәслихат төрағасы Александр Светаштың айтуынша, Өскеменнің қоғамдық көлік жүйесі елден көптеген қаладан ерекшеленеді. Тәжірибе алмасу мақсатында Алматыдан келген мамандар қаладағы маршруттарды зерттеп, оларды қайта ұйымдастыру жөнінде ұсыныс білдірген. Сарапшылар сөзінше, жолаушылар бірнеше автобусқа ауысып мінетін жүйе экономикалық жағынан тиімдірек. Алайда Өскеменде тұрғындар қолайлылығы басымдыққа ие болды. Бүгінде қала тұрғындары Аблакетка, Кемежай сияқты шалғай шағынаудандардан әуежайға дейін бір автобуспен, бір билет арқылы жете алады.
Егер маршруттар қайта құрылса, жолаушылар бірнеше рет автобус ауыстырып, әр сапар үшін қайтадан ақы төлеуге мәжбүр болар еді. Сондықтан мәслихат бұл ұсынысты қолдамады. Осы ұстанымды қалалық Қоғамдық кеңес те құптап отыр. Кеңес мүшелері тұрғындарды бірнеше мәрте билет төлеуге мәжбүрлегеннен гөрі, қолданыстағы ыңғайлы маршруттарды сақтап қалуды маңызды деп санайды.
Соңғы жылдары Өскеменде автобус паркін жаңарту қарқын алды. 2021-2025 жылдар аралығында қалаға 198 жаңа автобус пен 45 шағын автобус сатып алынды. Ең ауқымды жаңарту 2023 жылы жүзеге асып, маршруттарға бірден 63 жаңа автобус шығарылды. Ал 2025 жылы тағы 45 автобус пен 14 шағын автобус пайдалануға берілді. Биыл да бұл жұмыс жалғасып жатыр. Қалаға 12 жаңа дизельді автобус жеткізілді. Оның бірі – гибридті автобус. Сонымен қатар Қытайда шығарылған 10 заманауи электробус сатып алынды. Нәтижесінде облыс орталығындағы автобус паркінің шамамен 65-70 пайызы жаңарды. Ержан Ибраев тарифтің қайта қаралуы ең алдымен тасымалдаушылардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Қазіргі жүйеде кәсіпорындар алдымен барлық шығынды өз қаражатынан көтеріп, кейін ғана субсидия алады. Ал бұл аралықта жүргізушілер жалақысын төлеу, автобустарды жөндеу, қосалқы бөлшектер сатып алу сияқты жұмыстарда қиындықтар туындайды. Егер тариф қайта қаралса, тасымалдаушылардың айналым қаражаты көбейіп, негізгі табыс тұрақты түседі. Бұл жүргізушілердің еңбекақысын уақтылы төлеуге, автобустарды дер кезінде жөндеуге, техникалық қызмет сапасын жақсартып, қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әрине, жолақының өсуі ешбір тұрғынды қуантып отырған жоқ. Дегенмен қоғамдық көлік тұрақты жұмыс істеп, автобустар жаңартылып, қызмет сапасы артуы үшін осындай қадамдардың жасалуы орынды саналған.
Баян ӨТЕПҚАЛИ
Фото: ЖИ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер