Бюджет шығыстарының қысқаруына қарамастан, оқушылар жаңа оқу жылында оқулықтармен толық қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыстық мәслихат шешімімен 2026 жылы оқулық сатып алуға бөлінетін қаржы 72 миллион теңгеге қысқартылды. Бұған дейін бұл мақсатқа жыл сайын 450 миллион теңге қарастырылып келген.
Осыған байланысты білім басқармасынан қаржының азаюы кейбір сыныптар немесе пәндер бойынша оқулықтардың жетіспеуіне әсер ете ме деген сұраққа жауап берілді.
– Бюджетке түзету енгізілгеніне қарамастан, оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету – басым бағыттардың бірі. Жаңа оқулықтар белгіленген қажеттілікке сәйкес толық көлемде сатып алынады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов.
Білім басқармасының өкілдері қаржының қысқаруы нақты қай шығындар есебінен өтелгенін нақтыламады. Бүгінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жалғасып жатыр. Оқулықтарды мектептерге жеткізу 25 тамызға дейін аяқталады.
Сонымен қатар білім ордаларының интернет қызметіне бөлінетін қаржы да 46 миллион теңгеге қысқарған. Білім басқармасының мәліметінше, бұл байланыс сапасына әсер етпейді.
Пікірлер