Өңірде Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Саяси партиялардың өңірлік штабтары тұрғындармен кездесулер өткізіп, сайлауалды бағдарламаларын таныстыруда. Бұдан бөлек, еңбек ұжымдары, жастар және ауыл азаматтарымен ашық пікір алмасып, сайлаушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Әділет» партиясының өкілдері «Костенко» атындағы шахта ұжымымен, облыс спортшыларымен және облыстық фтизиопульмонология орталығының қызметкерлерімен кездесті. Басқосуларда еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау мен спортты дамыту мәселелері көтерілді.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері облыстық аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырған семинарға қатысып, кейін Өскеменде «Металлург» саябағында тұрғындармен кездесті. Үгіт-насихат материалдарын таратып, сайлаушылардың сауалдарына жауап берді.
Қазақстан Халық партиясы облыстық психикалық денсаулық орталығының ұжымымен кездесу өткізді. Ал «Байтақ» партиясының мүшелері Қан орталығының қызметкерлеріне өз бағдарламасын таныстырды. Сонымен қатар өңірдің бірнеше елдімекенінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырды.
«Ауыл» партиясының өкілдері Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылына барып, тұрғындармен және құс фабрикасының еңбек ұжымымен кездесті. Кездесуде ауылдық аумақтарды дамыту, агроөнеркәсіп кешенін қолдау және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері талқыланды.
«Ақ жол» партиясының өңірлік штабы сенім білдірілген тұлғаларға арналған оқыту семинарына қатысып, кейін қалалық этносаябақта тұрғындармен кездесу өткізді. Партия өкілдері сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырды.
Respublica партиясының мүшелері жастармен кездесіп, қоғамдық бастамалар мен азаматтық белсенділік мәселелерін талқылады. Ашық форматтағы пікір алмасуда жастардың ұсыныстары мен көзқарастарына басымдық берілді.
Осылайша, өңірдегі сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары түрлі форматта жалғасып жатыр. Партиялар халықпен тікелей кездесулер өткізіп, өз бағдарламаларын таныстыру арқылы сайлаушылармен кері байланысты күшейтуге басымдық беруде.
Пікірлер