Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов Марқакөл ауданына жұмыс сапары барысында Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығына барып, табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстармен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы алдымен қорықтың материалдық-техникалық базасын көріп, орман өрттерінің алдын алу және оларды жедел сөндіруге арналған арнайы техникалар мен құрал-жабдықтарды қарап шықты. Қорық мамандары өрт қаупі жоғары кезеңде атқарылып жатқан жұмыстар, табиғи аумақтарды қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады.
Одан кейін облыс әкімі қорық аумағындағы музейді аралады. Мұнда Марқакөлдің бай биоалуантүрлілігі, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, қорықтың жарты ғасырға жуық тарихын таныстыратын бірегей экспозициялар қойылған.
Содан соң Нұрымбет Сақтағанов қорық аумағында көшет отырғызып, табиғатты қорғау мен орман қорын молайту – келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
1976 жылы құрылған Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы бүгінде 102 мың гектардан астам аумақты алып жатыр. Қорықтың негізгі мақсаты – Марқакөл көлінің бірегей экожүйесін, Алтайдың сирек кездесетін флорасы мен фаунасын сақтау және табиғи мұраны болашақ ұрпаққа жеткізу. Өңірде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту және олардың материалдық-техникалық әлеуетін нығайту жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
Сондай-ақ аймақ басшысы 10-ға жуық киіз үйден тұратын киіз үй қалашығын аралап шығып, ауданда сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту барысымен танысты.
Бүгінде Марқакөл ауылында ауызсумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. 2025 жылдың мамырында іске асырыла бастаған жоба 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Бүгінде жобаның маңызды кезеңдерінің бірі аяқталды. Жер асты су көзінен ауылға ауызсу беру жүйесі іске қосылды. Бұл мақсатта үш ұңғыма бұрғыланып, қолданыстағы су құбыры мен 250 текше метрлік таза су резервуары тазартылды.
Пікірлер