Республикалық маңызы бар Өскемен – Риддер тасжолының ұзындығы 105 шақырымды құрайтын орташа жөндеу учаскесінде асфальтбетон жабынының бірінші қабатын төсеу жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Нәтижесінде Риддерге дейін үздіксіз жол қатынасы қамтамасыз етілді
– Бүгінде жөндеу жүргізіліп жатқан учаскенің бүкіл ұзындығы бойынша асфальтбетон жабынының бірінші қабаты төселіп бітті. Соның арқасында Өскеменнен Риддерге дейінгі жол бойымен жаңа асфальт жабыны арқылы жайлы әрі үздіксіз қозғалыс қамтамасыз етілді. Бұл – өңір тұрғындары мен қонақтары үшін жобаны іске асырудағы маңызды кезең, – деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары Алмас Қасенов.
Жобаны іске асыру барысында жолдың ісінуі жиі байқалатын учаскелер қалпына келтірілді. Оның ішінде жол пайдаланушылары тарапынан бұрыннан көптеген сын-ескертпе туғызған Зимовье ауданындағы ең күрделі учаскелердің бірі жөнделді.
– Жолдың ең күрделі учаскелеріне ерекше көңіл бөлінді. Зимовье ауданында ұзақ жылдар бойы жүргізушілерге қолайсыздық туғызған ақаулар толықтай жойылды. Бұл жол жабынының сенімділігі мен қозғалыс қауіпсіздігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, – деді Алмас Қасенов.
Қазір асфальтбетон жабынының екінші қабатын төсеу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар жобаны іске асырудың қорытынды кезеңіне дайындық жүргізіліп жатыр.
– Жобаны толық аяқтау үшін су өткізгіш құбырларды орнату, жол жиектерін нығайту, жол таңбаларын салу, жол белгілерін орнату және жолды толық абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу жұмыстарын толық аяқтап, нысанды пайдалануға беру биыл күзде жоспарланып отыр, – деді Алмас Қасенов.
Пікірлер