Қазақстан мен Қытай арасында жаңа өңірлік әуе бағыттарын ашу және бірлескен әуе компаниясын құру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен «Urumqi Airlines» әуе компаниясының вице-президенті Чжан Лянның кездесуінде қытайлық тарап Үрімші – Қарағанды, Құлжа (Инин) – Астана және Құлжа (Инин) – Алматы бағыттары бойынша тұрақты рейстер ашу жоспарын таныстырды.
Өз кезегінде қазақстандық тарап әуе компаниясына Өскемен мен Семей қалаларына, сондай-ақ болашақта Зайсан және Катонқарағайдағы жаңа өңірлік әуежайларға рейстер ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Министрліктің мәліметінше, бұл бастама туризмді дамытуға, көлік қолжетімділігін арттыруға және Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуға ықпал етеді.
– Тараптар Қазақстанда COMAC әуе кемелерін пайдалана отырып, өңірлік тасымалдарды жүзеге асыратын бірлескен өңірлік әуе компаниясын құру жөніндегі жобаны іске асыру мүмкіндігін талқылады. Мұндай әуе компаниясы Зайсан, Катонқарағай және туристік әлеуеті жоғары өзге де қалаларға рейстер орындауға мүмкіндік береді, – делінген министрлік хабарламасында.
«Urumqi Airlines» Қытайда өндірілген COMAC C909 ұшақтарын пайдаланады. Осыған байланысты кездесуде өңірлік әуе тасымалдарын дамыту және жаңа бағыттарды іске қосу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысында тараптар азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара мүдделі екенін растады.
Айта кетейік, түркиялық әуе компания Қазақстанға тікелей рейстер ашады.
Пікірлер