Бүгін өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов азаматтарды кезекті қабылдауда тұрғындардың әлеуметтік қолдау, инклюзивті жобаларды дамыту, денсаулық сақтау және тұрғын үй мәселелеріне қатысты өтініштерін тыңдады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдымен Зайсан ауданының тұрғыны, «Шығыс мейірімі» қоғамдық қорының өкілі Мирбану Андырбаеваның бастамасы қаралды. Ол бірден бірнеше әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асыруды ұсынды: инклюзивті спорт және оңалту орталығын ашу, инклюзивті этноауыл құру, этнотуризмді дамыту, Зайсанда паралимпиадалық және оңалту орталығын салу.
Облыс әкімі бейінді басқармаларға ұсынылған жобалардың әрқайсысын жан-жақты қарап, мемлекеттік қолдау тетіктерін қарастыруды және жобаларды барлық кезеңде сүйемелдеуді тапсырды.
Туризм және инвестициялар басқармасы бұл бастамаларды өңірдің инвестициялық жобалар пулына енгізу мүмкіндігін зерттейді.
Практикалық сұрақтарға да қатысты жеке тапсырмалар берілді. Зайсан ауданының әкіміне болашақ орталықтың құрылысына жер учаскесін бөлу мүмкіндігін қарастыру тапсырылды. Облыс әкімінің орынбасарына бейінді ведомстволармен бірлесіп аудандық ауруханадағы медициналық көмектің сапасын, оның ішінде рентген қызметі мен компьютерлік томография жұмысының жай-күйін тексеру жүктелді. Ал ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы иппотерапия қызметі үшін мемлекеттік тапсырыс орналастыру мәселесін пысықтайды.
Бұдан бөлек, Өскемен қаласының тұрғыны Макпал Абиева тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Өтініш иесі анасы және әпкесімен бірге баспана кезегінде тұр. Бұған дейін отбасыға уақытша тұруға жер ұсынылғанымен, олар бұл мүмкіндікті пайдаланбаған. Соған қарамастан, өңір басшысы уақытша тұрғын үй беру мүмкіндігін қайта қарауды, қолданыстағы заңнамаға сәйкес пәтермен қамтамасыз ету тәртібін жан-жақты түсіндіруді тапсырды.
Қабылдау барысында көтерілген әрбір өтініш бойынша нақты тапсырмалар берілді. Олардың орындалуы тиісті мемлекеттік органдардың бақылауында болады.
Пікірлер