
Бюджет қысқарған соң ШҚО-ның бас жоспары қайта жазылды
Өңірдің 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары қайта қаралып, жаңартылған құжат облыс әкімдігінің ресми сайтында жарияланды. Жоспарды іске асыруға 5,9 триллион теңге бағыттау көзделген. Бұл бастапқы нұсқамен салыстырғанда шамамен 583 миллиард теңгеге көп. Облыстың жаңа даму стратегиясы бюджетке енгізілген түзетулер аясында жүзеге асырылмақ. Осыған байланысты шығындарды оңтайландыру жұмыстары басталып, шамамен 12 млрд теңге көлемінде қаражат үнемдеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазынада қаржы азайды
2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылауға өңірдің жоспарланған меншікті кірістерінің орындалмауы себеп болды. Алдын ала есеп бойынша, бюджетке 38,5 млрд теңге көлемінде қаражат түспей қалуы мүмкін. Ресми мәліметті облыстық мәслихат сессиясында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлшат Қорғанбекова бөлісті. Айтуынша, кірістердің азаюына жаңа салық заңнамасындағы өзгерістер біршама әсер еткен.
– Аталған салықтар облыстың меншікті кірістерінің шамамен 85 пайызын құрайды. Сондықтан олардың азаюы бюджет түсімдеріне айтарлықтай әсер етеді. Кірістердің төмендеу салдарын барынша азайту үшін қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, қосымша қаржы көздерін іздеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар республикалық бюджеттен трансферттер бөлу мәселесі орталық мемлекеттік органдармен пысықталып отырады. Алайда бұл шаралар бюджет шығындарының орнын толық жабуға мүмкіндік бермейді, – деді Гүлшат Қорғанбекова.
Осыған байланысты шығыстарды 12 млрд теңгеге оңтайландыру ұсынылды. Оның ішінде 6,2 млрд теңге – қалалар мен аудандардың, 5,7 млрд теңге – облыстық бюджет шығындары. Үнемдеу барлық дерлік саланы қамтиды. Мәселен, білім беру саласында 206 млн теңге қысқартылады. Мұндай нәтижеге оқулықтарды қайта басып шығарудан бас тарту, жекелеген іс-шараларды, интернет қызметтері мен ағымдағы жөндеу шығындарын қысқарту арқылы жетуге болатын көрінеді.
Қысқарту қай салаларды қамтиды?
Денсаулық сақтау саласында 271 млн теңге үнемдеу жоспарланған. Ол үшін ғимараттардағы күрделі жөндеу мен көлік сатып алу кейінге шегеріліп, салауатты өмір салтын насихаттау және АИТВ-ның алдын алу бойынша мемлекеттік тапсырыс шығындары қысқартылады.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бағытында тағы 1,2 млрд теңге үнемделмек. “Күміс жас” секілді жобалар мен кейбір қоғамдық жұмысқа бөлінетін қаржыға түзету енгізіледі. Сондай-ақ кей аудандардағы жолдардың орташа жөндеуі мен Катонқарағай ауданындағы Ақ Берел өзені арқылы өтетін көпір құрылысының жобасы кейінге шегеріледі.
Өңірде бір жағынан бюджет шығындары оңтайландырылып жатса, екінші жағынан 2026-2030 жылдарға арналған өңірді дамыту жоспарын қаржыландыру көлемін ұлғайту көзделген. Стратегиялық құжатты жүзеге асыруға республикалық және облыстық бюджет қаражаты, тартылған инвестициялар, кәсіпорындардың өз қаражаты мен қарыз капиталы бағытталмақ.
Қаржыландырудың ең үлкен өсімі 2028-2030 жылдарға тиесілі болады деп жоспарланып отыр. Бұл кезеңде өңірдің ұзақмерзімді даму жобаларын жүзеге асыруға басымдық беріледі. Билік өкілдері 2030 жылға қарай өнеркәсіп өндірісін 2,7 трлн теңгеден 3,2 трлн теңгеге, ал ауыл шаруашылығы жалпы өнімін 462,5 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Жұрт қайда көшіп жатыр?
Дей тұрғанмен құжатта өңірдегі басты мәселелердің бірі – халық санының азаюы екені де атап өтілген. Айталық, 2022 жылы облыста 730,2 мың адам тұрса, 2026 жылғы 1 маусымдағы мәлімет бойынша халық саны 717 мың адамға дейін төмендеген. Жыл сайын өңірден 1,4-3,1 мың адам көшіп кетеді.
Сонымен қатар жоспарда өңір экономикасының тау-кен металлургия саласына тәуелділігі, өнімді терең өңдеудің жеткіліксіздігі, еңбек өнімділігі төмендігі мен геологиялық барлау жұмыстарына инвестицияның аздығы кедергі болғаны көрсетілген.
Осы түйткілдерді шешу үшін 2033 жылға дейін жалпы құны 741,2 млрд теңге болатын 29 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде өңірде 2,6 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Құжатта соңғы үш жылда Шығыс Қазақстан облысының экономикасына 2 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылғаны атап көрсетілген. Ал өткен жылдың алғашқы он айында өңірге қосымша 599,7 млрд теңге инвестиция бағытталған. Бұл қаражат облыстың өндірістік және экономикалық жобаларын дамытуға жұмсалып жатыр.
Сонымен қатар жаңа даму стратегиясының негізгі мақсаты – экономиканың өсімі ғана емес, өңір тұрғындарын заманауи инфрақұрылыммен, сапалы мемлекеттік қызметтермен және тұрғылықты жеріне қарамастан тең мүмкіндіктермен қамтамасыз ету.
Бұл ретте билік өкілдері 2021-2025 жылдарға арналған алдыңғы даму жоспарының нәтижелеріне сүйенеді. Осы кезеңде өңірдің жалпы өңірлік өнімі 1,5 есеге артып, 3,2 трлн теңгеден 5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісі 1,7 есеге, инвестициялар көлемі 1,6 есеге, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,9 есеге жуық өсті.
Баян ӨТЕПҚАЛИ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер