Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ақпаратынша, пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған пробациялық бақылау талаптарын бірнеше рет бұзды. Ол тіркеуге келмей, тұрғылықты мекенжайында болмай, пробация қызметкерлерінің бақылауынан жалтарған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осыған байланысты пробация қызметі оның жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы ұсынысты сотқа жолдады. Алайда сот отырысында өзін жайсыз сезінетінін айтып, істі кейінге қалдыруды сұрайды. Сот өтінішін қанағаттандырғанымен, сотталған осы уақытта бой тасалап кеткен.
- Алғашқы іздестіру шаралары нәтиже бермеген соң ол ресми түрде іздеуге жарияланып, жазаны өтеу мерзімінің есебі тоқтатылды. Тіпті осы аралықта әкесі дүниеден өтсе де, жерлеу рәсіміне келмей, жасырынуын жалғастырды. Бірақ ер адамның ұялы телефонынан жасалған қоңырау тіркеліп, цифрлық бақылау жүйесі оның жүрген жерін анықтауға мүмкіндік берді. Пробация қызметкерлері тәртіп сақшыларымен бірге көрсетілген мекенжайға дереу барды. Қашып кетуіне жол бермеу үшін үйге бір мезгілде негізгі және қосалқы кіреберіс арқылы кірді. Сол сәтте іздеуде жүрген азамат анасының дайындаған дастарханында тамақтанып отырған. Сотталған оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, - делінген ресми мәліметте.
Алдағы уақытта сот оның пробациялық бақылау түріндегі жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру мәселесін қарайды.
- Пробациялық бақылау – бұл сотталған адамға қоғамнан оқшауланбай түзелуге берілетін мүмкіндік. Алайда заң талаптарын жүйелі түрде бұзу, бақылаудан жалтару және жасырыну мұндай мүмкіндіктен айырады. Бүгінде цифрлық технологиялар пробация қызметінің жұмысын жаңа деңгейге шығарып, іздеуде жүрген адамдардың жүрген жерін жедел анықтауға мүмкіндік береді. Ал полициямен бірлескен жұмыс сот шешімдерінің бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етеді, - деді ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Пікірлер