Волейболдан әйелдер арасындағы «BEREL» клубы жаңа маусым қарсаңында құрамын тәжірибелі ойыншымен толықтырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өскемен волейбол мектебінің түлегі, Қазақстандағы ең тәжірибелі орталық тосқауылшылардың бірі Кристина Аниконова қайтадан клуб намысын қорғайтын болды.
– Кристина Аниконова 1991 жылғы 5 қаңтарда дүниеге келген. Бойы – 184 см. Ойын алаңындағы негізгі позициясы – орталық тосқауыл қоюшы. Оның шабуылдағы биіктігі 290 см болса, тосқауылдағы көрсеткіші 280 см, – делінген ақпаратта.
Кристинаның кәсіби мансабы туған қаласы Өскеменмен тығыз байланысты. Ол ұзақ жылдар бойы жетістігі пен жүлде жағынан елдегі ең іргелі клубтардың бірі саналатын «Алтай» командасы сапында өнер көрсетіп, Қазақстан чемпионаты мен халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Кейін «Берел» және «Жетісу» клубтарында ойнап, өз тәжірибесі мен шеберлігін бірнеше маусым бойы дәлелдеді.
– 2023/24 жылғы маусымда Кристина алғаш рет «BEREL» құрамында өнер көрсетсе, енді араға жылдар салып, қайтадан туған өңірінің командасына оралып отыр. Бұл трансфер клуб үшін ғана емес, жанкүйерлер үшін де ерекше жаңалық. Себебі Кристина – Өскемен волейболының мақтанышы әрі жергілікті мектептің жарқын өкілдерінің бірі, – делінген аталған клубтың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Фото: sports.kz
Пікірлер