Осы жылы өңірде ерікті қоныс аудару бағдарламасы бойынша белгіленген қабылдау квотасы толық орындалды. Өңірге 171 отбасы, яғни 600 адам көшіп келді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Сарманов мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қоныс аударушылар Алматы, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау облыстарынан, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келді. Олар еңбек күші қажет елдімекендерге орналастырылды.
- Бағдарламаны іске асыру үшін биыл 344,8 млн теңге бөлінді. Оның 116,6 млн теңгесі көшу шығындарын өтеуге, 8,6 млн теңгесі тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызмет ақысын өтеуге, 219,6 млн теңгесі баспана сатып алуға арналған экономикалық мобильділік сертификаттарына бағытталды. Қоныс аударғандардың 257-сі – еңбекке қабілетті азаматтар. Бүгінде олардың 65-і тұрақты жұмысқа орналасты, - деді Дәулет Сарманов.
Айта кетейік, бағдарламаның мақсаты – азаматтарды жаңа өңірге көшірумен шектелмей, олардың жергілікті ортаға бейімделуіне, тұрақты жұмыспен қамтылуына және өңірде орнығуына қолайлы жағдай жасау. Бұл бағытта мемлекеттік қолдау шараларымен қатар кәсіп ашуға, білім алуға және баспана мәселесін шешуге де мүмкіндік қарастырылған.
Пікірлер