A+ A A-

talgatzhan 31 Бүгін, 13:00 0

Биыл 6 отандық фильм кең прокатқа жол тартты

Бүгін / Республика

Қазақстанда ұлттық киноны дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекеттік қолдау аясында жаңа киножобалар жүзеге асырылып, отандық фильмдердің прокаты кеңейіп, анимация саласы дамып келеді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік қолдаумен түсірілген алты фильм кең прокатқа шықты. Олардың қатарында «Гипноз», «Билет из рая», «Осенний бриз», «Құт», «Әбіл» және «Пряники для ее отца, моего прадеда, ее деда» деректі фильмі бар.

Деректі фильмнің еліміздегі кинотеатрларда кең прокатқа шығуы ұлттық кино саласы үшін маңызды оқиға болды. Бұл авторлық жобалардың кең аудиторияға жол ашуына мүмкіндік береді.

Жаңа киножобаларды жүзеге асыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Мұғалім» және «Кенжем қайда?» фильмдерінің өндірісі аяқталды. Қазір 23 киножоба әзірленуде, оның 21-ін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар конкурстық іріктеу нәтижесінде тағы 18 киножоба мемлекеттік қолдауға ие болды.

«Отандық анимацияны дамыту жұмысы – саладағы басым бағыттардың бірі. "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігінің питчингі нәтижесінде 10 анимациялық жоба іріктелді. Бұл балалар мен отбасылық контенттің сапасын арттырып, қазақстандық оқиғалар мен кейіпкерлерді заманауи анимация арқылы танытуға мүмкіндік береді», – деп хабарлады министрлік.

Қазақ киносының «Алтын қорын» сақтау бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Жыл басынан бері «Возвращение сына», «До свидания, Медеу», «Звучит там-там», «Золотой рог» және «Песня зовет» фильмдері цифрлық форматқа көшірілді. Ал «Алпамыс идет в школу» мен «Тревожное утро» фильмдері қайта қалпына келтірілді.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері прокат куәлігін беру бойынша 1 539 өтінім қаралып, оның 1 344-іне арнайы куәлік берілді. Бұл кино саласындағы қызметті жүйелеп, заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Айта кетейік, Астанада «4739» деректі фильмінің премьерасы өтті.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив